Семей қаласы прокуратурасының ғимараты жаңартылды
Абай облысының әкімі Берік Уәли Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиевпен бірге Семей қаласы прокуратурасының жөндеуден өткен ғимаратын аралап көрді.
Нысан 1979 жылы салынған. Бес ай ішінде ғимаратта ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жылу жүйесі мен негізгі құрылымдары жаңартылды. Бүгінде ғимарат заманауи талаптарға сай жабдықталып, қызметкерлердің тиімді әрі қолайлы жұмыс істеуіне қажетті жағдай жасалған.
Абай облысының прокуроры Нұрсұлтан Рақышев өңірдегі прокуратура органдарының материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Қазіргі уақытта Мақаншы ауданы прокуратурасының жаңа ғимаратының құрылысы басталған. Жаңасемей ауданы прокуратурасының ғимаратын салу жобасы сараптамадан өтіп жатыр. Екі нысанның құрылысын келер жылы аяқтау жоспарланған. Сондай-ақ, қала және аудан прокуратуралары қызметтік көліктермен және қажетті техникалық құралдармен қамтамасыз етілген.
Аймақ басшысы прокуратура органдары қызметкерлеріне қолайлы еңбек жағдайын жасау және олардың материалдық-техникалық базасын нығайту бағытындағы жұмыстардың жалғасатынын атап өтті.
Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев прокуратура қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен және прокуратура органдарының 35 жылдығымен құттықтап, облыс басшылығына көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдірді.










