«Таза Қазақстан» акциясы жалғасуда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасын өтіп жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы Ақсуат ауданында жүріп жатыр.
Тазалық шаралары тек қоршаған ортаны қорғауға ғана емес, қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға да ықпал етуде. Мәселен, 2024 жылы аудан бойынша жиі ұйымдастырылған «Таза бейсенбі» және «Ардагерлерді ардақтайық» жобалары аясындағы қайырымдылық акциялары биылда жалғасын таппақ. Атап айтқанда, жыл басынан бері ерікті жастар әр ауылдағы жалғыз тұратын қарияларға көмек көрсетіп, үйлерінің айналасын қардан тазартуда.
Тазалыққа бей-жай қарамайтын аудан тұрғындары «Таза Қазақстан» акцияға белсенді қатысып, қыс басталғалы жолдардың шеттері мен көрікті орындары қардан тазалауға атсалысуда. Ауданда желтоқсан, қаңтар, ақпан айларында эко-акция аясында 4250 текше метр қар шығарылды. Бұл жұмыстарға 2 жүк көлігі, 2 автогрейдер, 1 зил, 1 экскаватор тиегіш, 2 маз, 1 Shacman техникалары жұмылдырылған.
Сонымен қатар, «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы аясында аудандық «Аманат» партиясы филиалының ұйытқы болуымен Ақсуат ауылында көше бойындағы, саябақ ішіндегі тротуарлар қардан тазартылды. Оған аудан орталығындағы мекеме бөлім қызметкерлері, партия мүшелері қатысты. Акцияға 50 адам қамтылып, 452 шаршы метр жер қардан тазартылды. Қосымша коммуналдық кәсіпорын тарапынан 2 техника тартылды. Сондай-ақ, қыстың күні қырауда тазалық жұмыстарын жүргізіп жүрген адамдарға мекеме-бөлім қызметкерлері ыстық шай мен ыстық бәліш таратып үнемі қолдау білдіруде.