Cемей8°С
Ауа-райы
  • Абай-17°С
  • Аягөз-10°С
  • Ақсуат-15°С
  • Бородулиха-17°С
  • Қалбатау-15°С
  • Курчатов-4°С
  • Көкпекті-11°С
  • Үржар-10°С
520.48 574.61 6.06

Мәжілісте топырақты қорғау туралы заң жобасы таныстырылды

19-02-2025, 09:00 Думан Кенжеғазыұлы

Мәжіліс депутаттары «Топырақты қорғау туралы» және «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне топырақты қорғау мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заң жобаларын әзірлеуге кірісті. Заң жобаларының таныстырылымы Аграрлық мәселелер комитетінде депутат Еркебұлан Мәмбетовтің жетекшілігімен өтті.

Жиынға Мәжіліс пен Сенаттың және облыстық мәслихат депутаттары, орталық уәкілетті мемлекеттік органдар мен салалық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Еркебұлан Мәмбетов заң жобаларын депутаттар Мемлекет басшысының VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында берген тапсырмаларын орындау үшін әзірлегенін атап өтті. Түзетулерді Мәжіліс депутаты, жоба авторларының бірі Нұржан Әшімбетов таныстырды.

Депутаттың айтуынша, қазіргі таңда егістік алқаптарының тозуы, олардың қарашірік қабатының азаюы қайтымсыз қарқын алуда. Бұған топырақты қорғауды құқықтық реттеу мен басқаруға кешенді көзқарастың жоқтығы себеп болған. Бүгінде республикада 29,9 миллион гектар жер тозған. Топырақтың әлеуетті құнарлылығы 17 пайызға төмендесе, суармалы жерлердегі сортаңды жерлер, керісінше, шамамен 37 пайызға артқан. Соның салдарынан ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі төмендеген.

– Негізгі заң жобасының мақсаты – топырақты қорғауды тиімді басқарудың құқықтық негіздерін жасау, олардың сақталуы мен құнарлығын арттыру, жердің тозуын болдырмау. Жобаның міндеттеріне топырақты қорғау саласындағы мемлекеттік реттеуді қамтамасыз ету, олардың жай-күйіндегі келеңсіз өзгерістерді анықтау үшін топырақ зерттеулерін және топырақ мониторингін уақытылы жүргізу, топырақты қорғау технологияларын қолдануды қамтамасыз ету және топырақты жақсарту, олардың құнарлығын арттыру және бұзылған топырақтарды қалпына келтіру шаралары кіреді, – деді Нұржан Әшімбетов.

Заң жобасында шаруашылық немесе өзге де қызмет кезінде топырақты, оның ішінде су басудан, батпақтанудан, тұзданудан, сарқылудан, кебуден және тығыздалудан қорғауға қойылатын белгілі талаптар белгіленеді. Сондай-ақ бұзылған топырақтарды қалпына келтіру жөніндегі шараларды реттеу, топырақтың жағдайын жақсарту талаптары анықталады. Жергiлiктi мәслихаттар мен әкiмдiктерге топырақ қорғау саласындағы iс-шаралар жоспарын әзiрлеу және бекiту жөнiндегi жаңа өкiлеттiктер беру және басқа да ұсыныстар қамтылады.

Ілеспе түзетулер аясында Жер кодексі мен «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» заңға өзгерістер енгізіледі. Олар жердің кадастрлық құнын анықтаудың нақты тетіктерін жасауға бағытталған. Осылайша, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы тек елдімекендердегі жер учаскелерінің құнын анықтайтын болады, ал ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің құнын анықтау «Гипрозем» мемлекеттік мекемесіне беріледі.

Нұржан Әшімбетов заң жобаларының қабылдануы экожүйені қорғауға, топырақ құнарлылығын арттыруға, ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақтылығын сақтауға, жердің тозуын болдырмауға ықпал ететін топырақты қорғаудың құқықтық негіздерін жасауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Баяндаманы тыңдаған соң депутаттар заң жобасына қатысты сұрақтарын қойып, ұсыныстарын айтты. Мысалы, өндірістік, химиялық қалдықтармен ластану фактілерінің алдын алу, иесіз қалған мұнай қалдықтарының полигондарын залалсыздандыру, ластану фактілеріне жол берген кәсіпорындардың жауапкершілігін арттыру, ауыл шаруашылығы жерлерін дұрыс басқару, экожүйенің жойылуы және басқа мәселелер қозғалды.  

Сөз соңында Еркебұлан Мәмбетов депутаттар тарапынан түскен ұсыныстар тиісті комитетте қаралып, заң жобаларымен алдағы жұмыс барысында ескерілетінін атап өтті. Оларды талқылау депутат Нұржан Әшімбетов бастаған жұмыс тобының отырыстарында жалғасады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив