Cемей3°С
Ауа-райы
  • Абай-17°С
  • Аягөз-10°С
  • Ақсуат-15°С
  • Бородулиха-17°С
  • Қалбатау-15°С
  • Курчатов-4°С
  • Көкпекті-11°С
  • Үржар-10°С
503.05 542.99 5.98

Мәжіліс астананы және республикалық маңызы бар қалаларды дамыту мәселелері туралы заң жобасын қарайды

28-02-2025, 16:41 Думан Кенжеғазыұлы

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Бюро отырысы өтіп, алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды.

Депутаттардың талқылауына бірінші оқылымда астананы және республикалық маңызы бар қалаларды дамыту мәселелері бойынша Үкіметтің түзетулері ұсынылады. Бұл өзгерістер Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатымен әзірленген. Заң жобасы 1 кодекс пен 6 заңға өзгерістер енгізуді ұсынады. Олар елорда мен республикалық маңызы бар қалаларды абаттандыру ережелерін жетілдіруге бағытталған. Атап айтқанда, қолжетімді ортаны қамтамасыз ету, дизайн-код енгізу және стационарлы емес нысандарды орналастыру және олардың қызметін реттеу. Сонымен қатар жарнама қызметін реттеу, қоғамдық орындарда көшедегі аудиожарнамаға тыйым салу, тротуарлар мен автожолдарда сыртқы жарнама орналастыруға шектеу қою, елордадағы көші-қонды реттеу тетіктерін жетілдіру сияқты жарнама мәселелері қарастырылған.

Бірінші оқылымда депутаттар «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекске су ресурстарын қорғау және пайдалану мәселелері бойынша енгізілетін өзгерістерді де талқылайды. Заң жобасы депутаттардың бастамасымен жаңа Су кодексінің редакциясымен заңнамалық актінің ережелерін үйлестіру мақсатымен әзірленді. Депутаттардың түзетулері екі кодексте жер асты су ресурстарын реттеу және пайдалану мәселелерінде бірыңғай терминологияны қолдануға, Каспий теңізінің қазақстандық секторында көмірсутектерді барлау және өндіру бойынша операцияларды жүргізуге қойылған тыйымды алып тастауға, сондай-ақ Арал теңізінің аумағында ерекше экологиялық мәртебені ескере отырып, жер қойнауын пайдалану операцияларын жүргізуге тыйым салуға қатысты.

Ілеспе заң жобасы аясында Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізіледі. Олар заңсыз су алуға, су объектілерінде, су қорғау аймақтары мен белдеулерінде заңсыз құрылыс жүргізуге, су пайдалану шарттары мен режимін бұзуға, су объектілерінің арналарын және шекараларын өзгертуге қатысты санкцияларды қатаңдатуға бағытталған. Сондай-ақ гидротехникалық құрылыстарға техникалық тексеруді орындамағаны немесе қате жүргізгені, оларды қауіпсіздік декларациясынсыз пайдаланғаны үшін жауапкершілік енгізіледі.

Екінші оқылымда Мәжіліс тауарлардың шығарылған елін айқындау мәселелері бойынша түзетулерді қарастырады. Заң жобасы Президенттің 2023 жылғы қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру үшін Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленген. Олар жоғары үлесті оқшаулаудың өндіріс циклін құруды көздейді. Бұл өз кезегінде импорттық жеткізілімдерге тәуелділікті азайтуға, заманауи технологиялар трансфертіне және жаңа өндірісті оқшаулауға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, қолданыстағы «СТ-KZ» сертификаты мен индустриялық сертификаттың орнына қазақстандық тауарлардың бірыңғай тізілімін құру ұсынылады.

Сонымен қатар депутаттар қылмыстық  жолмен  алынған  кірістерді  заңдастыру  (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін бағалау халықаралық орталығын құру  туралы  келісімді  ратификациялау туралы жаңа заң жобасын жұмысқа алады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив