Облыс әкімі Курчатовтағы жылу қазандығының жұмысымен танысты
Абай облысының әкімі Берік Уәли Курчатовқа жұмыс сапары барысында шаһардағы жылу қазандығы мен қалалық аурухананың жұмысымен де танысты.Қалада 4 жылу қазандығы бар. Аймақ басшысы шаһардағы 30 көп қабатты тұрғын үй, 1 әлеуметтік нысан, 4 бюджеттік мекеме мен 3
коммерциялық ұйымды жылумен қамтамасыз ететін №1 қазандықта болды. Өткен жылы қазандықтағы 4 пешке ағымдағы жөндеу жүргізіліп, 2 ескі пеш ауыстырылды.
Облыс әкімі Курчатовтағы қалалық аурухананың тыныс-тіршілігімен де танысты. Бүгінде медициналық мекемеде 153 адам еңбек етеді. Оның 24-і - дәрігер. 2024 жылы аурухананың бірінші қабатына күрделі жөндеу жүргізілген. Биыл медициналық мекемелерді жаңғырту бағдарламасы аясында облыстық бюджеттен аурухананың 4-қабатын күрделі жөндеуден өткізуге қаражат бөлінген. Аурухананың бас дәрігері аймақ басшысына 5 маманның жетіспейтінін айтып, кадр тапшылығы мәселесін шешуге көмектесуді сұрады.
Аймақ басшысы сондай-ақ Ядролық технологиялар паркі мен радиациялық технологиялар кешенінде болып, ұлттық ядролық орталықтағы музейдің жұмысымен танысты.