Мәжіліс Су кодексі мен оған ілеспе түзетулерді екінші оқылымда қабылдады

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда депутаттар Астана мен республикалық маңызы бар қалаларды дамыту мәселелері туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Су кодексі, сондай-ақ «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске су қорын қорғау және пайдалану мәселелері бойынша енгізілетін ілеспе түзетулер, тауарлардың шығарылған елін айқындау мәселелері туралы заң екінші оқылымда қабылданды.
Су кодексінің жобасы Мемлекет басшысының 2022 жылғы 8 ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасына сәйкес әзірленді. Жұмыс тобының жетекшісі Павел Казанцев жаңа кодексте су ресурстарын пайдаланудан гөрі қорғауға басымдық беріліп, экономиканың барлық саласына суды үнемдеу қағидасы енгізілетінін атап өтті.
– Су кодексінде Мемлекет басшысының барлық тапсырмасы қарастырылды. Соңғы жылдардағы оқиғалар, соның ішінде былтырғы су тасқыны су ресурстарын басқару жүйесін реформалаудың маңыздылығын тағы да дәлелдеді. Жаңа кодекс аясында су ресурстарын кешенді басқарудың Бас жоспары және бассейндік жоспарлар әзірленеді. Олар су ресурстарын басқарудағы негізгі құжат болады, – деді депутат.
Павел Казанцев кодекс жобасы бес негізгі қағидатқа негізделгенін айтты. Олар: қоршаған ортаның құрамдас бөлігі ретінде судың рөлін күшейту, халық өмірі мен экономикалық дамуының негіздері, пайдалану кезіндегі су ресурстарының экономикалық мәні, жер үсті және жер асты суларын кешенді пайдалану, суды тиімді және ұтымды үнемдеу, су ресурстарын қорғау және пайдалану мәселелерін шешуге қоғамды тарту.
Су шаруашылығын цифрландыру саласында Ұлттық ақпараттық жүйе құру жоспарланып отыр. Сондай-ақ гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі үшін көпфакторлы тексеру жүргізу және қауіпсіздік декларациясын әзірлеуге қатысты міндеттемелер қарастырылады.
Павел Казанцевтің айтуынша, жобада су шаруашылығы құрылымдарын толық есепке алу, олардың сандық және сапалық көрсеткіштерін бағалау, су объектілеріне мониторинг жүргізу, балама су көздерін пайдалану, сондай-ақ суару мақсатында еріген суды жинақтау және одан әрі пайдалану (2 миллион текше метрге дейін көлемде) стандарттары көрсетілген.
Депутаттар құжатты екінші оқылымға дайындау барысында қосымша өзгерістер енгізді. Енді жер асты су ресурстары мәселелерін жаңадан құрылған Ұлттық гидрогеологиялық қызмет реттейтін болады. Техникалық сумен жабдықтау жүйелері су ресурстарын үнемдеу және сақтау, ауыз суды техникалық қажеттіліктерге пайдаланбау үшін құрылады. Бұдан басқа стандарттар да ұсынылды.
Су ресурстарын қорғау және пайдалану мәселелері жөніндегі ілеспе заң жобасы аясында Азаматтық, Жер, Кәсіпкерлік және Экологиялық кодекстерге, сондай-ақ тоғыз заңға өзгеріс енгізіледі. Олар қолданыстағы заңнаманы жаңа Су кодексінің нормаларына сәйкестендіруге бағытталған.
Талқылау қорытындысы бойынша мәжілісмендер Су кодексін және оған ілеспе түзетулерді екінші оқылымда қабылдап, Сенаттың қарауына жолдады.
Бұдан соң Мәжіліс «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекс пен Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске енгізілетін ілеспе түзетулерді екі оқылымда қабылдады.
Жұмыс тобының мүшесі Нұржан Әшімбетов түзетулерде су объектілеріндегі жер қойнауын пайдалану, жер асты су ресурстарын басқару мәселелерін реттеп, су заңнамасының нормалары мен талаптарын бұзғаны үшін жазаны күшейту қарастырылатынын айтты. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексте су шаруашылығы және гидротехникалық құрылыстарды қауіпсіз пайдалану ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілік белгіленген.
Астана мен республикалық маңызы бар қалаларды дамыту мәселелері бойынша заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Олар бойынша Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин баяндама жасады.
– Заң жобасы Мемлекет басшысының астананы дамыту тәсілдерін республикалық маңызы бар қалаларға тарату туралы хаттамалық тапсырмасын орындау үшін әзірленді. Заң жобасы жер қатынастары, сәулет-құрылыс, көші-қон, жарнама, экология және басқа да салалардағы мәселелерді шешуге бағытталған. Оның аясында 1 кодекс пен 6 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін болады, – деді Серік Жұманғарин.
Атап айтқанда, заң жобасында елорда мен республикалық маңызы бар қалалардың біртұтас сәулеттік келбетін қалыптастыру стандарттары белгіленеді. Осыған байланысты мәслихаттарға дизайн-кодты бекіту, ал әкімдіктерге тұрақты емес нысандарды орнату және олардың жұмыс істеу қағидаларын әзірлеу мен бекіту өкілеттігі беріледі. Ашық кеңістікте аудиожарнама таратуға, сондай-ақ жаяу жүргіншілер жолдарында, велосипед жолдарында, автожолдар мен көшелерде сыртқы (визуалды) жарнамаларды орналастыруға тыйым салынады.
Сонымен қатар түзетулерде қала қажеттіліктері үшін жерді пайдалану, көші-қон процестерін реттеу, қалалық инфрақұрылым нысандарының қолжетімділігі, жол-көлік инфрақұрылымын дамыту мәселелерін қарастырылады. Осы мақсатта Астана қаласының «жасыл белдеуін» сақтауға бағытталған нормалар, оның жерлерінің қысқаруына немесе бүлінуіне жол бермеу шаралары әзірленеді.
Депутаттар заң жобасын талқылауды Мәжіліс депутаты Болатбек Нәжметдинұлы жетекшілік ететін жұмыс тобының отырыстарында жалғастырады.
Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленген тауарлардың шығарылған елін анықтау туралы заң да екінші оқылымда қабылданды. Жұмыс тобының жетекшісі Мұқаш Ескендіров түзетулерде уәкілетті органның, яғни, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің анықтамасы бар Қазақстаннан шығарылған тауарлардың тізілімі енгізілетінін хабарлады.
– Цифрлық верификация мен өндіріске бағалау жүргізу арқылы қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімін қалыптастыру көзделеді. Ал «CT-KZ» нысанындағы сертификаттар мен индустриялық сертификаттар 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін қолданыста қалады, – деді М.Ескендіров.
Бұл ретте тізілімге енгізілетін кәсіпорындарға өндірістік жағдайларға, өндірістік және технологиялық операцияларға қатысты талаптар белгіленіп, олардың орындалуына бақылау күшейтілген. Нағыз отандық тауар өндірушілер мемлекет тарапынан субсидиялар, экспорт шығындарының бір бөлігін өтеу, шетелдік көрмелерге қатысу, көлік шығындарының бір бөлігін жабу секілді қолдауларға ие болады. Сонымен бірге енді ұлттық режимнен босатылған тауарларды сатып алу кезінде конкурс тек осы тізілімге енгізілген кәсіпорындар арасында өткізіледі.
Мәжілістің Қаржы және бюджет комитеті қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін бағалау жөніндегі халықаралық орталық құру туралы келісімді ратификациялау жобасын жұмысқа қабылдады.
Жалпы отырыс соңында мәжілісмендер әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша мемлекеттік органдарға 15 депутаттық сауал жолдады. Олар Мәжілістің ресми сайты мен Telegram-арнасында жарияланды.