Төтенше жағдайлар комиссиясының отырысы өтті
Қала әкімі Әділет Қожанбаевтың төрағалығымен төтенше жағдайлар комиссиясының кезекті отырысы өтті. Жиынға әкім орынбасарлары, ТЖБ өкілдері, бөлім және коммуналдық қызмет басшылары мен инспекторлар қатысты.
Күн тәртібінде жеке сектордағы өрт қауіпсіздігі, қысқы кезеңдегі төтенше жағдайларға әзірлік, су тасқынының алдын алу мәселелері қаралды.
Бүгінде әлеуметтік осал отбасылар тұратын үйлерде бұрын орнатылған өрт датчиктерін тексеру жұмыстары жүргізілуде. Биыл аталған санаттағы отбасылардың тізімі жаңартылып, олардың үйлеріне жаңа өрт датчиктері орнатылатын болады.
Сонымен қатар, ТЖБ өкілдері су басу қаупі бар учаскелерде, Ертіс өзенінің жағалауында орналасқан жеке тұрғын үйлердің иелерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізген.
«Жұмыстар уақытылы әрі сапалы орындалуы қажет. Дайындықты бастап кеттік, бірақ қарқын төмен болмауы тиіс. Қауіпсіздік шараларын барынша күшейтуіміз керек», – деді Әділет Қожанбаев.
Еске сала кетейік, 2025 жылғы көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында қорғаныс бөгеттері салынған еді. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасуда. Сонымен қатар, қала әкімінің тапсырмасымен арықтар мен су бұру арналарының тазалығы мен өткізу қабілетін қамтамасыз ету үшін тазалау жұмыстары жүргізілуде.






