Курчатов қаласында Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық үйі жаңа ғимаратта ашылды
Курчатов қаласында Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық үйінің жаңартылған ғимаратының салтанатты ашылуы өтті. Нысанды жаңғырту жұмысы өткен жылдың желтоқсан айында аяқталған болатын.
Бұрын Шығармашылық үйі көп қабатты тұрғын үйде орналасып, тек 305 баланы қабылдай алатын. Жүргізілген жаңғыртудың нәтижесінде мекеме енді 500 тәрбиеленушіні қамтып, олардың шығармашылық және интеллектуалдық әлеуетінің артуына мүмкіндік береді.
Жаңа ғимаратта робототехника, «Лего-кабинет», дизайн студиясы, хореография секілді түрлі бағыттар бойынша қолайлы жағдай жасалған. Сондай-ақ балалар мұнда қыш жасау өнерімен айналысады. Барлық факультативтік сабақтар математикалық, логикалық, шығармашылық қабілеттерді дамытуға, сондай-ақ командада жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыруға бағытталған.
Ғимараттың салтанатты ашылу рәсімінде Абай облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Сәрсебаев балаларды қолдау мен әлеуметтік саясат мемлекеттің басым бағыттарының бірі екенін ерекше атап өтті.
Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық үйінің жаңа ғимаратының ашылуы Курчатов қаласындағы қосымша білім беру жүйесін дамытудағы маңызды қадам. Бұл бастама жаңа буынның талантты және бастамашыл өкілдерін тәрбиелеуге, олардың өз әлеуетін ашуға және түрлі салаларда жетістіктерге жетуіне мүмкіндік береді.