Олжас Бектенов ТЖМ-ге су тасқынына толық дайын болуды және орталық және жергілікті мемлекеттік органдар жұмысын үйлестіруді тапсырды

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстанда су тасқыны кезеңінің басталуына дайындық мәселесі қаралды. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев ауа райы болжамы деректері туралы баяндады.
11 наурыздағы жағдай бойынша ел аумағының 71%-ына қар жауды, бұл өткен аптамен салыстырғанда 15%-ға аз. Еліміздің оңтүстігінде – Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарында, батысында – Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарында қар ери бастады.
«Наурыз айында ауа температурасы күрт көтеріліп, қатты жауын-шашын болған жағдайда тау өзендері бойында еріген қар мен жаңбыр тасқыны пайда болуы мүмкін. Еліміздің орталық, солтүстік және шығыс бөлігінде қар жиналу процесі жалғасуда, наурыз айында жауын-шашынның екі немесе одан да көп айлық мөлшері күтілуде. Мысалы, Астанада бірінші онкүндіктің өзінде ай сайынғы жауын-шашын мөлшері түсіп үлгерді», — деп атап өтті Ерлан Нысанбаев.
Сондай-ақ министр су тасқыны қаупі ең жоғары өңірлерді – Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ұлытау және Абай облыстарын атап өтті. Қауіп деңгейі орташа өңірлерге Алматы, Жетісу, Жамбыл, Батыс Қазақстан және Атырау облыстары, төмен аймақтарға Павлодар, Маңғыстау, Түркістан және Қызылорда облыстары жатады.
«Қазгидромет» биыл алғаш рет әр өңір бойынша жан-жақты толық ақпарат жариялады. Онда тәуекел аймағындағы нақты елді мекендерді көрсете отырып, судың ең жоғары деңгейі мен ағын жылдамдығын, гидрологиялық бекеттердегі ағын көлемі және тасқынның болжалды басталу мерзімі көрсетіледі. Сондай-ақ өткен аптадан бастап «Қазгидромет» апта сайынғы гидрологиялық болжамдарды бере бастады. Гидрометеорологиялық ахуал күрт өзгерген жағдайда «Қазгидромет» ол туралы 2-3 тәулік ішінде дабылды ескертумен хабардар етеді.
Премьер-министр еліміздің солтүстігінде боран жүріп жатса, бірқатар өңірде қар ери бастағанын атап өтті.
«Су тасқыны кезеңінің басталуына да көп уақыт қалған жоқ. Әкімдер бұл мәселені ерекше бақылауға алуы қажет. Төтенше жағдай туралы халықты хабардар ететін барлық жүйенің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіңіздер. Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту керек. Төтенше жағдайлар министрлігі су тасқынына толығымен дайын болуға тиіс. Сондай-ақ орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіруді қамтамасыз етсін», — деп атап өткен Олжас Бектенов жақын арада аталған мәселе бойынша республикалық жедел штабтың отырысын дайындауды тапсырды.