ШҚО-ның бірқатар аудандарында бірыңғай уақыт белдеуіне көшуге байланысты жұмыс кестесіне түзету енгізілді

Үкімет отырысында сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев бірыңғай уақыт белдеуіне көшудің халық денсаулығына іс жүзіндегі әсеріне жүргізілген мониторинг нәтижелері туралы айтты.
Ол талқылау қорытындысы бойынша Мәжілістің «AMANAT» фракциясында сараптамалық қоғамдастықты, медицина, нейроғылым, биофизика, генетика, астрофизика, физиология саласындағы ғылыми-зерттеу институттарын, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары мен мүдделі тұлғаларды тарта отырып, бірыңғай уақыт белдеуіне көшудің халықтың денсаулығына, энергия тұтынуына және еңбек өнімділігіне іс жүзіндегі әсеріне мониторинг жүргізілгенін атап өтті.
Жұмыс барысында деректерді зерттеу, сауалнама нәтижелері мен бірыңғай уақыт белдеуіне ауысқанға дейінгі және кейінгі көрсеткіштерді салыстыруды қамтитын кешенді тәсіл қолданылды. Зерттеу жүргізу әдістемесі бірыңғай уақыт белдеуін енгізудің халық денсаулығына, энергия тұтынуға, еңбек тиімділігіне, оқушылардың үлгеріміне, ЖКО деңгейіне, қылмысқа және басқа да аспектілерге әсерін бағалау бойынша 40-тан астам метрика мен көрсеткіштерді қамтиды.
«Денсаулық сақтау желісі бойынша әр түрлі жас топтары, сондай-ақ қала және ауыл тұрғындары қамтылды. Энергия тұтыну бойынша электр энергиясын тұтыну статистикасын, оның ішінде ең жоғары жүктемелерді және бүкіл еліміз бойынша электр энергиясын тұтынуға салыстыру жүргізілді. Еңбек қызметі бойынша орындалған жұмыс көлемі, кешігу және сабаққа келмеу жағдайлары, жарақаттар саны және тәртіп бұзушылықтар қамтылды. Нәтижелер халықтың тыныс-тіршілігінің негізгі көрсеткіштеріне бірыңғай уақыт белдеуіне көшудің теріс әсерінің жоқтығын көрсетеді», — деп түсіндірді Арман Шаққалиев.
Сауда және интеграция министрі өңірлерде мәслихат депутаттары жұмыс кестелерін түзету жолымен жұмыс уақытын оңтайландыру жөніндегі бастаманы қолдағанын хабарлады.
Ол бұл шаралар кәсіби және жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті жақсартуға, сондай-ақ азаматтар үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталғанын атап өтті.
«Бүгінгі таңда ШҚО-ның бірқатар аудандарында (Қатонқарағай, Марқакөл, Үлкен Нарын, Зайсан, Тарбағатай, Самар, Күршім) жұмыс кестесі сағат 8:00-ден 17:30-ға дейін түзетіліп, тұрғындар тарапынан оң баға мен қолдау тапты. Қажет болған жағдайда осындай тәжірибені жергілікті атқарушы органдар басқа өңірлерде қолданатын болады», — деді Арман Шаққалиев.
Мониторинг нәтижелері биылғы наурыз айының басында ҚР Парламенті Мәжілісінің «AMANAT» фракциясының қарауына енгізілгені атап өтілді.