Депутаттар азаматтардың өтініштерін қарау бойынша Үкіметтің ақпаратын тыңдады

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда депутаттар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдап, акваөсіру туралы заңды ілеспе түзетулерімен екінші оқылымда қабылдады. Сонымен қатар мәжілісмендер биыл қаңтар айында депутаттардың өңірлерге сапары барысында түскен азаматтардың өтініштерін мемлекеттік органдардың қарау қорытындылары туралы Үкіметтің ақпаратын тыңдады.
Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаев депутаттардың өңірлерге жасаған сапары барысында түскен азаматтардың өтініштерін мемлекеттік органдардың қарау қорытындылары туралы баяндады. Ол депутаттардың Үкіметке 700-ге жуық жүйелі проблемалық мәселе жолдағанын атап өтті. Оның көп бөлігі, яғни, 46 пайызы әлеуметтік блокқа қатысты. Бұл – денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік-еңбек саласы және басқалар.
– Тұрғындар көтерген мәселелердің бірі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі. Халық тарапынан, депутаттар тарапынан бірқатар сұрақ бар екені бізге мәлім. Үкімет осы жүйені жетілдіру бойынша тиісті заң жобасын әзірлеп, Парламентке енгізді. Түзетулерді қосымша талқылап, Мәжілістегі жұмыс топтары мен комитет отырысында бөлек қарастырамыз, – деді Е.Көшербаев.
Сондай-ақ сайлаушылардан коммуналдық инфрақұрылым, көлік, агроөнеркәсіптік кешен, өнеркәсіп, құрылыс, энергетика, заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша сұрақтар түсті. Өңір тұрғындары тарапынан қойылған сауалдардың 5 пайызы экономикалық даму мен кәсіпкерлікке қатысты.
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов сайлаушылардың талап-тілегін орындау бойынша Үкіметтің ақпаратын тыңдау дәстүрге айналғанын және мұндай жұмыс форматының дұрыстығы дәлелденіп, тиімділігін көрсеткенін айтты.
– Мемлекет басшысы жариялаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» мәні осында. Бүгін біз мемлекеттік органдармен бірге сайлаушылардың өтініштерін қарау нәтижелерін жан-жақты талқыладық. Олардың әрқайсысы ерекше көңіл бөлуді талап етеді. Тек осындай отырыстарда ғана емес, депутаттар мен Үкімет мүшелері күнделікті байланыста болуы қажет деп ойлаймын. Мемлекеттік органдар оларды дереу шешуі қажет, шара қолдануы керек, – деді Е.Қошанов.
Мәжіліс депутаттары мен саяси партиялардың фракциялары азаматтардың өтініштерінің орындалуын ерекше бақылауда ұстайтын болады.
Жалпы отырыс барысында депутаттар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері туралы заң жобасы мен «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодекс пен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілетін ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Түзету авторларының бірі, жұмыс тобының жетекшісі Екатерина Смышляева заң жобалары тұрғын үй қатынастары мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы қолданыстағы заңнаманы жетілдіруге бағытталғанын айтты.
– Үкімет 2019 жылдан бері жүргізіп келе жатқан тұрғын үй қорын басқару жүйесін реформалау мақсатына жете алмады. Мұның объективті және субъективті себептері бар. Мемлекет басшысы 2023 жылғы сәуірде Үкіметтің кеңейтілген отырысында реформаға шынайы баға беру қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты жіберілген қателіктер мен істердің нақты жағдайын ескере отырып, депутаттық корпусқа кондоминиумдарды басқарудың құқықтық негізін қайта қарау тапсырылды. Бұл заң жобасы осы тапсырманы орындау үшін дайындалды, – деді депутат.
Екатерина Смышляеваның айтуынша, заң жобасында кондоминиумды басқарудың екі түрі – мүлік иелерін біріктіру және тікелей бірлескен басқару қарастырылған. Қарапайым серіктестіктер жеке нысан ретінде алынып тасталады, бірақ басқарудың екінші нысаны ретінде іс жүзінде жұмысын жалғастырады. Басқару субъектілері басқарушы компания, кәсіби басқарушы және пәтер иелері кооперативі болады. Бұл ретте пәтер иелері кооперативі қызметі үшін қайта тіркеуге қойылатын талаптар мен құқық белгілейтін құжаттарды беру тәртібі белгіленеді.
Меншік иелерінің бірлестігіне үйді басқару жөніндегі қызметті өз еркімен жүргізуге құқық беріледі. Тұрғын үй инспекциясының өкілеттігі кеңейтіледі. Ол кәсіби басқарушылардың біліктілік сертификатының болуын және кондоминиум объектісін тіркеуді, сондай-ақ тұрғын үй-жайларды пайдалану нормаларының сақталуын қадағалайтын болады. Құрылыс салушылар бірінші пәтерді сатқаннан кейін кондоминиумды тіркеуге міндетті.
Сонымен қатар тұрғындардың жиналыстарын өткізу тәртібіне, оның ішінде мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы электронды дауыс беру бөлігіне өзгерістер енгізіледі. Меншік иелерінің бірлестігі төрағасының өкілеттік мерзімі сайланған кезден бастап бір жылдан үш жылға дейін ұзартылады. Сондай-ақ заң жобасы арқылы тұрғындарға есеп бермегені және үйге қажетті құжаттарды беруден бас тартқаны үшін әкімшілік жауапкершілік күшейтіледі.
Мәжіліс екінші оқылымда «Акваөсіру туралы» заңды ілеспе түзетулерімен қабылдап, Сенаттың қарауына жолдады. Жұмыс тобының жетекшісі Сергей Пономаревтің айтуынша, заң акваөсіруді дамыту саласындағы қатынастарды реттейтін құқықтық тетіктерді, сондай-ақ шағын және орта бизнес үшін инвестиция тарту жағдайын жақсартуға бағытталған.
Депутаттардың ұсынысы бойынша жосықсыз акваөсіру субъектілерінің тізілімі енгізіліп, оған енгізілген тұлғаларға су қоймасын жалға алуға бес жылға тыйым салынады. Заңда акваөсіру қызметін жүзеге асыруға арналған шартты мерзімінен бұрын бұзу негіздері қарастырылған. Сондай-ақ аквашаруашылық субъектілеріне және оны дамытуға жауапты субъектілерге субсидия беруден бас тарту негіздері, аквашаруашылықты субсидиялау аясында алынған қаражатты қайтару талаптары мен мерзімдеріне қатысты шаралар көрсетілген.
– Сонымен қатар біз балық және балық өнімдерінің көлеңкелі айналымын жою бойынша нормативтік құқықтық актілерді, балық және басқа да су жануарларын бақылаудың ақпараттық жүйесінде балық шаруашылығы субъектілерін тіркеуді қарастыратын түзетулер енгіздік, – деді Сергей Пономарев.
Түзетулер балық шаруашылығы саласындағы уәкілетті органның балықтың жаппай қырылу қаупінің алдын алу және оның салдарын жою бойынша көмек көрсету жөніндегі өкілеттіктерін кеңейтеді. Мемлекеттік балық өсіру кәсіпорындары балық өсіру мақсатымен уәкілетті органның немесе оның аумақтық бөлімшесінің шешімімен конкурссыз су айдынын алуға құқылы. Басқа да нормативтік құқықтық актілер, соның ішінде Экология және табиғи ресурстар және Ауыл шаруашылығы министрліктері арасындағы құқықтық олқылықтарды жоюға және өкілеттіктерді бөлуге арналған нормалар қарастырылған.
Депутаттар жалпы отырыс барысында Жоғарғы аудиторлық палата мүшелігіне Рахымжан Ділдаевтың кандидатурасын келісті.
Мәжіліс комитеттері жаңа заң жобаларын жұмысқа қабылдады. Олар: міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері туралы; 2017 жылғы 11 сәуірдегі Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы; Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілетін тауарлардың шығарылған жерін айқындаудың үйлестірілген жүйесі туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобалары.