Семейде «Семей – жүрегімдегі қала» мерекелік концерті өтті
Қала күніне орай Семейде «Семей – жүрегімдегі қала» атты мерекелік концерт өтті. Қаланың бай тарихы мен рухани мұрасын дәріптеп, еңбек адамдарына құрмет көрсетуге арналған кешке қала әкімі Әділет Қожанбаев қатысты.
Шаһар тұрғындарын мерекемен құттықтаған қала әкімі Семейдің ел тарихындағы ерекше орнына тоқталып, қаланың басты байлығы оның дамуына адал еңбегімен үлес қосып жүрген азаматтар екенін атап өтті.
Сондай-ақ қала әкімі мерекелік апталық аясында мәдени, спорттық және әлеуметтік бағыттағы мазмұнды іс-шаралар ұйымдастырылып жатқанын жеткізді. Олардың қатарында ұлттық болмысымызды айшықтайтын бәйге мен аударыспақ, күш пен жігерді сынайтын «Семей батыры» турнирі, салауатты өмір салтын насихаттайтын «TUNGI RUN – SEMEY» жүгіру шарасы бар. Балалардың өнер байқауы, қолөнер жәрмеңкесі, спорттық сайыстар мен гала-концерт те тұрғындарды ортақ мереке аясында біріктіруге бағытталған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында кәсіби мамандарды құрметтеудің, еңбекқор азаматтардың қадірін білудің маңызын атап өткен болатын. Осы орайда кеш барысында «Үздік маман – 2026» марапаттауы өтіп, түрлі салада табанды еңбек етіп жүрген азаматтарға қала әкімінің алғыс хаттары табысталды. Бұл – өз ісіне жауапкершілікпен қарап, қаланың өркендеуіне үлес қосқан жандарға көрсетілген құрмет.
Концерттік бағдарламада Семейдің тарихы сахна тілімен баяндалып, шаһардың рухани келбеті көркем қойылымдар мен ән арқылы көрініс тапты. Дәстүрлі әндер ұлттық өнердің тереңдігін танытса, заманауи туындылар кешке ерекше серпін берді. Тарих пен бүгінгі күн, дәстүр мен заманауи өнер үйлесім тапқан бағдарлама көрерменге туған қаланың қадірін сезіндіретін мазмұнды кеш ұсынды.










