Электрондық еңбек биржасында ақпан айында 121 мыңнан астам бос жұмыс орны жөнінде хабарлама орналастырылды

Ақпан айында «Enbek» электрондық еңбек биржасында (бұдан әрі – ЭЕБ) 121,8 мың бос жұмыс орны туралы мәлімет және 132,3 мың түйіндеме орналастырылды. Өткен аймен салыстырғанда бос орындар саны 23,2% - ға, ал түйіндеме саны 31% - ға (-59,6 мың) азайды.
Осылайша, ең көп бос жұмыс орындарын ақпарат және байланыс (40,9 мың), білім беру (26,6 мың) және денсаулық сақтау (9,3 мың бос жұмыс орны) салаларындағы кәсіпорындар орналастырды. Бұл ретте денсаулық сақтау саласында санитарлар (1,5 мың) және медбикелер (1,3 мың бос жұмыс орны) барынша сұранысқа ие болды.
Сұраныстың біліктілік құрылымында жоғары білікті ізденушілер көш бастап тұр (барлық бос жұмыс орындарының 59%), одан кейін орташа білікті (29%) және біліктілігі жоқ (12%).
Өңірлік бөліністе бос жұмыс орындар санының ең көп өсуі Батыс Қазақстан (+301%), Шығыс Қазақстан (+156%) және Қарағанды (+76%) облыстарында байқалады. Сонымен бірге бос жұмыс орындар санының ең көп төмендеуі Жетісу (-33%), Шымкент қаласы (-26%) және Маңғыстау облысында (-25%) тіркелді.
Ұсыныс тарапынан түйіндеме санының едәуір төмендеуі Маңғыстау облысында (-46% немесе 5,8 мың бірлік), Жетісу облысында (-45% немесе 4,3 мың бірлік) және Жамбыл облысында (-44% немесе 6,3 мың бірлік) байқалды.
Гендерлік құрылым бойынша өзгерістер тіркелмеген: мәселен, әйелдер (53%) әлі де ерлерге (47%) қарағанда жиі жұмыс іздейді. 26-35 жас санаты ең белсенді болып қалады (26,6%), одан кейін 36-45 жас тобы (26,1%). 25 жасқа дейінгі жастардың үлесі 14,9%, ал 55 жастан асқан үміткерлердің үлесі 12% құрайды.
Жалақыға келетін болсақ, ең жоғары жалақы бас құрылысшыларға (орта есеппен 663 мың теңгеден бастап), телекоммуникациядағы жоба жетекшілеріне (~653 мың теңге) және өнімді әзірлеу жөніндегі басшыларға (~625 мың теңге) ұсынылды. Сонымен қатар IT-бөлімшелер басшыларының (орта есеппен 1,3 млн теңгеден бастап), энергожүйе инспекторларының (~1,3 млн теңге) және геофизиктердің (~1,2 млн теңге) позицияларына үміткер ізденушілер ең жоғары жалақыны сұрады.
Осылайша 2025 жылдың ақпанында ЭЕБ-да түйіндемелер саны азайған кезде бос жұмыс орындар санының айтарлықтай өсуі байқалды. Жоғары білікті мамандар, әсіресе IT, білім беру және медицина салаларында әлі де сұранысқа ие. Бұл ретте салалық және кәсіптік бөліністе жалақы бойынша ұсыныстар мен күтулер арасындағы алшақтық сақталады.