Олжас Бектенов Президенттің Абай облысында ядролық кластер құру жөніндегі тапсырмасының жүзеге асырылу барысын тексерді
Премьер-министр Олжас Бектенов Абай облысына жұмыс сапары аясында Мемлекет басшысының биылғы қаңтар айында Үкіметтің кеңейтілген отырысында энергетиканы дамыту және ядролық кластер құру жөніндегі берген тапсырмаларының жүзеге асырылу барысын тексерді.
Бұрынғы Семей полигоны аумағын тікұшақпен аралау кезінде Премьер-министр «Балапан» сынақ алаңы нысандарын, оның ішінде «Атом көлі» мен шахталық іске қосу қондырғыларын қарап шықты. Сондай-ақ Премьер-министр әлемдегі алғашқы токамак (магнитті катушкалары бар тороидты камера) «Байкал-1» ядролық зерттеу реакторының жұмысымен танысты. Ұлттық ядролық орталықта болып, энергетикалық қауіпсіздік мәселелері бойынша кеңес өткізді. Жұмыс сапары барысында Премьер-министр Курчатов қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған, атап айтқанда, тұрғын үй қорын қалпына келтіру, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту және басқа да қабылданып жатқан шаралармен танысты.
«Байкал-1» кешені аумағында Олжас Бектеновке нысанда жүргізіліп жатқан ядролық реакторларды зерттеудің негізгі бағыттары туралы баяндалды. Атом энергетикасы және энергетикалық технологиялар саласындағы ғылыми әзірлемелер үшін пайдаланылатын ИВГ.1М зерттеу реакторы жұмысына назар аударылды. Маңызды кезең – ИВГ.1М реакторын төмен байытылған отынға конверсиялауды аяқтау. Бұл бастаманы Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікте (АЭХА) жан-жақты қолдады. Конверсия барысында реактор кешенінің жүйелері айтарлықтай жаңғыртылды, бұл атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануға және еліміздің технологиялық, энергетикалық тәуелсіздігін арттыруға бағытталған ғылыми бастамаларды одан әрі дамытуға ықпал етеді. Премьер-министр қолда бар әлеуетті ашуда және стратегиялық мәселені шешуде ғалымдарға жан-жақты қолдау көрсету қажеттігін атап өтті. Жақын арада ИВГ.1М реакторы жобалық сипаттамаларына қол жеткізу үшін жаңғырту жұмыстары аяқталады.
Премьер-министр қазақстандық материалтану токамагы (ҚМТ) бірегей тәжірибелік термоядролық қондырғысын тексеру барысында негізгі жабдықтармен және жүргізіліп жатқан зерттеулер нәтижелерімен танысты. Бұл – соңғы 10 жылда пайдалануға берілген әлемдегі мұндай деңгейдегі алғашқы мамандандырылған қондырғы. Токамак басқарылатын термоядролық синтез саласында іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізуге, реакторларға арналған материалдарды сынауға арналған. Мұнда еліміздегі термоядролық технологияларды дамытудың маңызды бағыты саналатын плазмалық разрядты зерттеу және материалдарды сынау бойынша тәжірибелер жүргізіледі.
Ұлттық ядролық орталықтың (ҰЯО) кеңсесінде Премьер-министрге атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы негізгі жобалар туралы баяндалды. Орталық – ядролық қауіпсіздік, атом энергетикасы және радиациялық экология мәселелеріне маманданған жетекші ғылыми-зерттеу ұйымы. Ұлттық ядролық орталықта ғылыми ізденістер жүргізу, халықаралық ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ жоғары білікті мамандар даярлау мәселелері қамтылған. Олжас Бектенов өңірде экологиялық тепе-теңдікті қалпына келтіруге бағытталған зерттеулерді жалғастырудың маңыздылығына тоқталды.
Аталған орталықта Премьер-министрдің төрағалығымен энергетикалық қауіпсіздік мәселелері бойынша кеңес өтті. Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарушы директор Ернат Бердіқұлов, «Ұлттық ядролық орталық» РМК бас директоры Эрлан Батырбеков Қазақстандағы алғашқы АЭС құрылысына дайындық барысы туралы баяндады.
Энергетика министрлігі Атом саласын дамытудың 2050 жылға дейінгі стратегиясын әзірлеуде, ол келешекте атом стансаларын салу және ядро-энергетикалық бағдарламаны тиімді іске асыру үшін қажетті басқа да бағыттарды дамыту жоспарларын қамтиды. Сондай-ақ Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, отандық жоғары оқу орындары, колледждер және «Ядролық физика институты» РМК базасында АЭС салу, пайдалану және техникалық қызмет көрсету үшін жоғары білікті мамандар даярлау бойынша кешенді жоспар жобасы әзірленді. Сондай-ақ Курчатов аумағында ғылыми қалашықтарды дамыту бойынша ұсынылған тәсілдер қаралды.
«Мемлекет басшысы алдымызға энергетиканы дамыту және ядролық кластер құру жөнінде маңызды міндет қойды. Қазақстан – әлемдік нарықтағы 43% үлесімен уран экспорты бойынша көшбасшы мемлекет. Бізде зерттеу реакторларын пайдалану тәжірибесі бар және мықты ғылыми әлеует қалыптасқан. Толық ядролық отын цикліне көшу экономиканың барлық саласында ілгерілеуді қамтамасыз етеді», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-министр салалық ведомстволар басшыларына бірқатар тапсырма берді.