Үржарда мектеп асханасы акт залда орналасқан
Облыс әкімі Берік Уәли Үржар ауданындағы жұмыс сапары барысында Абай атындағы орта мектептің жұмысымен танысты.
Аудан орталығында төрт мектеп бар. Абай атындағы орта мектеп – соның ішіндегі ең көнесі. 1967 жылы салынған ғимаратта 569 оқушы білім алады. 74 мұғалім жұмыс істейді. Білім ордасы күрделі жөндеуді қажет етеді. Орындық пен үстелдер талапқа сай келмейді. Асхана акт залында орналасқан. Мектепті жаңғырту үшін жобалық сметалық құжаттама әзірленген.
Аймақ басшысы мектепті күрделі жөндеуден өткізіп, толық, заман талабына сай жабдықтау қажеттігін айтты. Бюджеттік өтінімді тезірек дайындауды тапсырды.
Облыс әкімі жұмыс сапарында Үржар ауылындағы аудандық тарихи-өлкетану музейінде болды. 1977 жылы салынған мәдениет ошағында 7 адам еңбек етеді. Алты мыңға жуық жәдігер бар. Ғимарат сараптама қорытындысымен апатты деп танылған. Музей басшылығы облыс әкіміне 2 қабатты жаңа ғимарат салып беруге көмек көрсетуді сұрады. Аймақ басшысы бір ғана өлкетану музейіне арнап ғимарат салудың тиімсіз екенін айтып, жобаны қайта қарауды тапсырды.
Аймақ басшысы сондай-ақ музейдегі жәдігерлердің мән-мазмұнын сынға алып, мәдениет ошағын өлкенің тарихынан сыр шертетін құнды дүниелермен толықтыру керектігін атап өтті.