Мәжілістің жалпы отырысында Президент реформаларын іске асыру мәселесі талқыланды

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Жиын Президенттің реформаларын іске асыру мен мемлекеттік құрылыстың жаңа тарихи кезеңіне арналды. Оған Мәжіліс депутаттарымен бірге омбудсмендер, мәслихаттар мен саяси партиялардың төрағалары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Мәжіліс жанындағы қоғамдық палата мүшелері мен БАҚ жетекшілері қатысты.
Мәжіліс төрағасы 2022 жылы 16 наурызда дәл осы залда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты тарихи Жолдауын жариялағанын атап өтті.
Ерлан Қошанов үш жыл бұрын елімізде басқару жүйесінің бұрынғы қағидаттары толықтай қайта қаралып, билік тармақтары арасында тиімді теңгерім орнатылған мүлде жаңа мемлекеттік-саяси жүйе қалыптасқанын атап өтті. Президенттің жанында жаңартылған, қажетті өкілеттіктері бар және қоғамның сеніміне ие болған Парламент, Үкімет, Конституциялық Сот және саяси партиялар пайда болды.
Заң шығарушы органның өкілеттіктері едәуір күшейіп, функциялары кеңейе түсті. Партиялық тізімдер мен бірмандатты округтер бойынша аралас сайлау жүйесі енгізіліп, бәсекелі және әділ сайлау қорытындысы бойынша еліміздің түбегейлі жаңа өкілді органы құрылды.
– Мемлекет басшысының үш жыл бұрынғы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты халыққа Жолдауы сын-қатерлерге берілген кесімді әрі нақты жауап болды. Бұл – елдің еңсесін көтерген, рухын оятқан, ұлтымызды ұйыстырған Жолдау! Шын мәнінде Жаңа, Әділетті Қазақстан қол жетпес арман емес. Ол – халқымыздың талап-тілегінен, қоғамның сұранысынан туындаған қажеттілік, өмірдің шындығы. Ал реформалар жай ғана заңды өзгерту емес, тұтас мемлекет пен қоғамның болмыс-бітімін жаңарту, жаңғырту, – деді Ерлан Қошанов.
Сонымен қатар Палата спикері Конституциялық соттың құрылуы және омбудсмен институтының жұмысын күшейту сот төрелігі мен әділдікті қамтамасыз етуге жасалған үлкен қадам болғанына мән берді. Президенттің адам құқықтарын, бала құқықтарын қорғау, мүгедектігі бар адамдар мен кәсіпкерлерді қорғау жөніндегі уәкілдерге жан-жақты қолдау көрсетуі халықты құқықтық қорғауды жаңа сапалы деңгейге көтерді.
Жергілікті атқарушы билік жүйесінде де ауқымды өзгерістер жасалды. Егемендік тарихында тұңғыш рет елімізде аудан мен ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы өтті.
Бұдан бөлек Ерлан Қошанов жуырда өткен Ұлттық құрылтайдың отырысында Президент жүктеген міндеттерді де атап өтті. Олардың ішінде салық реформасы, деструктивті діни ағымдармен күрес, сондай-ақ депутаттардың бастамасымен әзірленген шекаралық аймақтарды дамыту туралы заң жобасы бар. Мәжіліс төрағасы Ұлттық құрылтай жай ғана форум емес, ықпалды қоғамдық-саяси институтқа айналғанына ерекше назар аударды.
Жиын барысында депутаттар, қоғам қайраткерлері мен сарапшылар елдегі реформалардың қазіргі жағдайына өз бағаларын берді. Талқылау кезінде елдегі ауқымды өзгерістердің барлық тұсы қамтылды. Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Асқар Жұмаділдаев Фараби қорын құруды, 5 бағытта ғылыми зерттеу орталығын ашуды, Ұлттық ғылым академиясы мен университеттердің кезіндегі қолды болған жері мен мүлігін қайтаруды, ғылымға бөлінетін қаржының 30 пайызын Ұлттық ғылым академиясына бағыттауды ұсынды. Экономист Жақсыбек Құлекеев алда тұрған негізгі міндеттердің бірі – экономиканы әртараптандыру және креативті экономика артықшылықтарын қолдану арқылы мықты өнеркәсіптік негіз қалыптастыру мен экономикамыз өзімізді толықтай қамтамасыз ете алатындай жағдай жасау екенін айтты.
Саяси шолушы Ғазиз Әбішев Президент Жолдауында бастау алған саяси реформалар елімізде өркениетті саяси бәсекелестіктің жандануына жағдай жасағанына тоқталды. Ол Конституцияда Президенттің, Конституциялық Сот судьяларының, Жоғары аудиторлық палатаның, Орталық сайлау комиссиясы төрағаларының партиялық емес мәртебесін бекіту, әкімдердің филиалдарда партиялық лауазымдар атқаруына және президенттің жақын туыстарының саяси қызмет атқаруына тыйым салу, Мәжіліс депутаттарын сайлау жүйесін қайта жаңғырту сияқты қоғам үшін маңызды қадамдарды атап өтті.
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек халықтың құқықтық мәдениеті мен заңдық әлеуетін арттыруға, жергілікті органдардың жауапкершілігі мен жұмысын күшейту қажеттігіне назар аударды. Ермұрат Бапи заңсыз алынған активтерді қайтару процесіне қатысты мәліметтердің ашық болуын, Ұлттық Құрылтайдың қоғам мен мемлекеттік билік арасындағы диалог алаңына айналғанын, бір мандатты сайлау жүйесіне Президенттің реформалық бастамасы мұрындық болғанын, сайлау жүйесінің мүмкіндігін одан әрі дамыта түсу қажеттігін алға тартты. Сайланған әкімдердің дербестігі мен жергілікті әкімдіктердің бюджет жүйесін жетілдіру бағытында әлі де көп жұмыс жүргізілуі тиіс екенін айтты.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы фракциясының жетекшісі Асхат Рахымжанов Президент жариялаған «Әділетті Қазақстан» идеясы аясында саяси плюрализмге қатысты нақты саяси оппозицияның қызмет ету шарттары өзгергенін атап өтті. Оның айтуынша, елімізде саяси мәдениет пен түрлі азаматтық пікір арасындағы диалог институттары қалыптаса бастады.
Жиын соңында депутаттар Әділетті Қазақстан құру қағидаттарына негізделген арнайы қарар қабылдады. Мәжіліс Президенттің саяси бағдарына қолдау білдіріп, Әділетті Қазақстан құру үшін азаматтарды бірігуге шақырды.
Бұдан бөлек жалпы отырыста Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті Қазақстан Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасындағы Инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау жөніндегі келісімді ратификациялау туралы заң жобасын жұмысқа алды.