Жеңіске 80 жыл: ерлігі ерекше Аухадиев

1941-1945 жылдарды қамтыған ІІ дүниежүзілік соғыстың қазақ даласын да айналып өтпегені тарихтан белгілі. Сол кезде отан үшін от кешкен бабаларымыздың қатарында ерлік көрсетіп, есімі аңызға айналған тұлғалар аз болған жоқ. Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Рақымжан Қошқарбаев, Талғат Бигелдинов, Мәлік Ғабдуллин, Ыбырайым Сүлейменов секілді қаһарман тұлғаларды көптеп атауға болады. Осындай ұрпақтар жадында мәңгі дәріптеуге лайықты есімдердің бірі – Кеңес Одағының батыры атанған әйгілі жерлесіміз Қойгелді Аухадиев.
1907 жылы Көкпекті ауданының Өрнек ауылында дүниеге келген ол 1942 жылдың маусым айында әскер қатарына алынады. Батыр жайында айтылған деректерге сүйенсек, Қ. Аухадиев сұрапыл соғыс жылдарында Орталық майданның 13- армиясына қарасты 6-гвардиялық атқыштар дивизиясының құрамындағы атқыштар полкінің танкіге қарсы зеңбірекшілер тобының командирі болған. Бейбіт күннінің берекесін қайта оралтып, жеңіс жалауын желбіретуге барын салған батыр 1943 жылдың 23-24 қыркүйегінде болған шайқаста ерлігімен көзге түскендігі жайында мұрағаттық деректерде, ІІ дүниежүзілік соғыс тарихына қатысты кітаптарда көптеп айтылады.
Қазақ командирінің қарулас жауынгерлерімен бірге Украина жеріндегі Днепр өзені үшін шайқастағы ерлігі ерекше болғаны күні бүгінге дейін ұрпақтан-ұрпақққа қаһармандықтың айқын үлгісі болып мойындалып келеді. Гомель облысы, Брагин ауданы, Нижные Жары ауылы маңында Аухадиевтің зеңбірекшілер тобы неміс басқыншыларының бірнеше танкісін жойып, қару-жарақ тиелген техникаларын талқандап жібереді. Тұла бойын жауға қарсы кек кернеген Қойгелді Аухадиевтің Днепрдің арғы жағалауына бірінші болып өтіп, кеңес әскерінің кедергісіз басым күшпен жеңіске жетуіне жол ашты. Осы шайқас туралы тарихи деректерде айтылғанындай Аухадиевтің жауынгерлік ерлігімен жаудың 3 қираған және 2 өртенген танкісі, 3 оқ-дәрі тиелген жүк машинасы, 2 «Фердинанц» өздігінен жүретін зеңбірегі және 5 станокты пулеметі істен шыққан. Қойгелді батырдың жалғыз өзі-ақ 1 неміс офицері мен 24 солдатының көзін жойғанын әйгілейтін деректер баршылық. Осындай есімі ұрпағына ұран болған батыр 1943 жылы 29 қыркүйектегі сұрапыл шайқаста 36 жасында қаза тапты. Киев облысы Чернобыль ауданы Паришев ауылында,ы бауырластар зиратына жерленген.
Днепрден өткенде көрсеткен қаһармандық ерлігі үшін Аухадиевке КСРО Жоғары Кеңесі Төралқасының Жарлығымен (16.10.1943) Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Бұдан өзге Алтын Жұлдыз» медалімен, Ленин орденімен марапатталған.
Бүгінгі күнде батыр есімі туған жерінде ерекше ардақталады. Аудан орталығы Көкпекті ауылындағы көшеге есімі берілген. Теректі ауылындағы білім ұясы Қ. Аухадиев атындағы орта мектеп болып аталады. Осы ауылда ескерткіші де берік тұғырға қонған. Ал Көкпекті ауданының Үлкен Бөкен ауылына жолыңыз түссе батырдың мүсінін көре аласыз. Батырдың ұрпақтары ұлы Тұрсынхан Қойгелдіұлын, Ержан, Бақытжан Қойгелдинді, Дәурен Бақытжанұлын халық Көкпекті өңірінің өркендеуіне сүбелі үлесін қосып, жауапты қызмет етіп жүрген туған жер перзенттері деп жақсы таниды.
Биыл қан майданда отан қорғап, жанын қиған боздақтарымыздың ерліктері дәріптелетін ұлы Жеңіске 80 жыл толып отыр. Дәл сол жылы дүниеге келген ұрпақ буынының өзі қазыналы қарттарымыздың қатарында. Дегенмен, бүгінгі ел бірлігінің іргетасын бекіткен бейбіт күндердің жалғасы үшін бабалар ерлігін қашан да насихаттап отыруға тиіспіз.