Премьер-Министрдің орынбасары: Өрттің алдын алу шараларына назар аудару керек
Абай облысына жұмыс сапары аясында Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев «Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерватының қызметімен танысты.
Мекеме директоры Дәулет Байболатов резерват жұмысы туралы баяндады.
Қазіргі таңда «Семей орманы» табиғи резерватының құрамында 10 филиал мен 34 орманшылық бар. 30 өрт сөндіру станциясы жұмыс істейді. Сондай-ақ, 79 өрт сөндіру көлігі, 27 шағын орман өрт сөндіру кешені және 35 өрт-бақылау мұнарасы бар.
Резерватта 177 адам еңбек етеді. Өрт қаупі жоғары кезеңде 425 адамға дейін уақытша жұмысқа қабылданады.
Үкімет басшысының орынбасары өңірде өрт оқиғаларын азайту үшін алдын алу шараларына көңіл бөлу керектігін атап өтті. «Семей орманы» табиғи резерваты мен облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бірлесе жұмыс істеуі қажеттігін айтып, орманды қызыл жалыннан қорғайтын минералды жолақтардың санын көбейтуді тапсырды.
Премьер-Министрдің орынбасары Төтенше жағдайлар департаментінің техникалық жарақтандырылуымен және өңірдің өрт маусымына дайындық шараларымен де танысты.
Саладағы ахуал туралы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Манарбек Шапағатов баяндады.
Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыстық департаменттің құрамында 17 автоцистерна, 3 адам тасымалдайтын жол талғамайтын техника, 1 командалық-штабтық көлік және 118 қызметкер дайын тұр. Қажет жағдайда қосымша 348 адам мен 69 техника жұмылдырылады. Олардың қатарында ҚР ТЖМ, Қорғаныс министрлігі және Ұлттық ұлан күштері бар.
Өртке әуе арқылы әрекет ету үшін Н-125 және МИ-8 тікұшақтары кезекшілік атқарады. Сондай-ақ, шекараға жақын ауылдарда дрондар мен спутниктік байланыс жүйесі бар мобильді бекеттер ашылған.
Облыста 70 өрт сөндіру бекеті бар, оның 11-і жыл бойы тұрақты режимде жұмыс істейді. Биыл «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында Бесқарағай ауданында жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды. Жыл соңына дейін тағы 3 жаңа бекет ашу жоспарланған.