Цифрландырудан эпизоотиялық қауіпсіздікке дейін: Қазақстан Мәскеуде ветеринария саласын реформалауды таныстырды
«Ветеринариялық қауіпсіздік» II халықаралық форумында Қазақстан Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин ветеринария саласын жаңғырту және эпизоотиялық қолайлылықты қамтамасыз ету бойынша Қазақстанның негізгі шараларын таныстырды.
Форумға Ресей Федерациясының Ауыл шаруашылығы министрі Оксана Лут, Түркия, Үндістан, Беларусь делегациялары, Еуразиялық экономикалық комиссияның, ФАО-ның, халықаралық салалық ұйымдар мен бизнес өкілдері қатысты.
Талқылаудың негізгі өзегіне жануарлардың инфекциялық ауруларының трансшекаралық таралуының алдын алу, диагностика мен профилактиканың заманауи әдістері, ветеринариялық жүйелерді дамыту және халықаралық ынтымақтастық мәселелері арқау болды.
«Бірыңғай кеңістіктегі эпизоотиялық қолайлылықты қамтамасыз ету: сын-қатерлер, тәсілдер, шешімдер» атты пленарлық отырыста сөз сөйлеген Аманғали Бердалин ветеринариялық қауіпсіздік тек жануарлардың денсаулығына қатысты мәселе емес, сонымен қатар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің, экономиканың тұрақтылығы мен халықаралық сауданы дамытудың маңызды факторларының бірі екенін атап өтті.
«Бүгінде ветеринариялық қауіпсіздік азық-түлік қауіпсіздігімен, экспорттық әлеуетпен және агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақтылығымен тікелей байланысты. Трансшекаралық биологиялық қауіп-қатерлер мемлекеттік шекараларды мойындамайды, сондықтан олармен күресуде келісілген әрі жүйелі шешімдер қажет», — деді вице-министр.
Қазақстандағы эпизоотиялық ахуал тұрақты. Қазақстан Республикасының аумағы аусылдан ада аумақ ретінде танылған. Бұл жануарлардан алынатын өнімдерді әлемнің 42 еліне экспорттауға жағдай жасайды. Шетел мемлекеттерінің тізілімдеріне 3 886 кәсіпорын енгізілген.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында Үкімет 2026–2030 жылдарға арналған ветеринарияны дамытудың кешенді жоспарын бекітті. Құжат жануарлар мен жануарлардан алынатын өнімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, зертханалық базаны нығайту, экспорттық мүмкіндіктерді кеңейту, кадрлық әлеуетті дамыту, отандық ветеринариялық фармацевтиканы дамыту және мемлекеттік реттеуді жетілдіруді қамтитын сегіз басым бағыттан тұрады.
Реформаның жеке бір бағыты — ветеринариялық жүйені цифрлық трансформациялау. 2026 жылдың соңына дейін ақпараттық жүйелерді дамыту, есепке алуды автоматтандыру және QazTech технологиялық шешімдеріне көшу бойынша негізгі жұмыстарды аяқтау жоспарлануда.
Halyk Bank-пен бірлесіп жануарлар мен жануарлардан алынатын өнімдердің толық қадағалануын қамтамасыз етуге, ветеринариялық бақылаудың ашықтығын арттыруға және бақылаудағы тауарларды тасымалдау кезінде заң бұзушылықтар тәуекелдерін төмендетуге бағытталған цифрландыру жобалары іске асырылуда.
«Эпизоотиялық қолайлылықтың шекарасы жоқ. Трансшекаралық биологиялық қауіп-қатерлерге тиімді қарсы тұру тек ақпаратты жедел алмасу, іс-қимылдарды үйлестіру және ветеринариялық қызметтердің, мемлекеттік органдардың, ғылым мен кәсіби қоғамдастықтың күш-жігерін біріктіру арқылы ғана мүмкін болады», — деп атап өтті Аманғали Бердалин.
Форум барысында қатысушылар мемлекеттік реттеуші органдардың, ғылыми қоғамдастықтың және салалық бірлестіктердің бірлескен жұмысының перспективаларын, нормативтік базаны жетілдіруді, тәуекелге бағдарланған тәсілді енгізуді талқылады. Сонымен қатар тараптар өзара тәжірибе алмаса отырып, ветеринариялық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындады.