Ақбөкендерді ғылыми мақсатта алып қоюға қатысты
ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті 2023 жылға арналған жануарларды алып қою лимиттері бойынша бұйрықтың жобасын ашық НҚА-ға орналастырды.
Ақбөкендерді аулауға тыйым салынғаннан бастап, зерттеулер жүргізілмегендігін ескере отырып, орта мерзімді перспективада киіктерді қорғау, өсімін молайту және пайдалану жөніндегі мемлекеттік стратегияны одан әрі қалыптастыру үшін кешенді ғылыми зерттеулер жүргізу қажет.
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті ғылыми ұйымдармен бірлесіп, 2023 жылы ақбөкендер популяциясына ғылыми зерттеу жүргізуді жоспарлауда, оның барысында аталған жануардың даму болжамдары, таралу аймағы мен көші-қон жолдарын нақтылау, ақбөкендердің азықтық базасын зерделеу, ауыл шаруашылығымен бәсекелестікті төмендету жөнінде ұсыныстар әзірленетін болады.
Осыған байланысты, ақбөкен популяциясының негізгі параметрлерін – популяциясын, жыныстық-жас құрылымын, өлімін, өсуін, тіршілік ету ортасын шектейтін факторларды анықтау және мониторингтеу бойынша ғылыми зерттеулер жүргізу үшін, сондай-ақ жануарларды еріксіз және жартылай ерікті жағдайда өсірудің биологиялық және технологиялық негіздерін әзірлеуге, бионегіздеме дайындау үшін Зоология институтымен ғылыми мақсатта алып қоюға квота көзделген. Ол үшін тірі күйінде киік төлін алып жартылай ерікті жағдайда ұстап, зерттеу көзделген.
Аталған ғылыми квота Зоология институты, Жәңгірхан атындағы Батыс Қазақстан агротехникалық университеті, Ветеринария жөніндегі ұлттық референттік орталық сияқты ғылыми ұйымдардың өтінімдерінен құралады, аталған ұйымдарда алып қою лимиттері қарастырылған. Ақбөкендерді жартылай ерікті жағдайда ұстай отырып, популяцияларының ветеринариялық және физиологиялық жай-күйі зерделенеді.
Мысалы, Жәңгірхан атындағы Батыс Қазақстан агротехникалық университетінде 2012 жылдан бастап киіктерді сақтау және ұтымды пайдалану үшін оларды өсіру бойынша питомник жұмыс істейді, ветеринария саласында ғылыми зерттеулер жалғасуда және ақбөкендерді жартылай ерікті жағдайда ұстаудың технологиялары мен әдістері пысықталуда. Төлдерінің кішкентай кезеңінде олардың сүт ішуі, питомниктегі ветеринариялық іс-шаралардың алдын алу және бақылау технологиялары енгізілді, ақбөкендердің жарақаттануы мен өлімін болдырмау үшін жас жануарларды ұстау режимінің әдістемелері пысықталды.