Курчатов қаласында бюджет, инвестиция және өнеркәсіп өндірісінің өсуі байқалуда

Абай облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте Курчатов қаласының әкімі Болат Әбдіралиев 2025 жылдың I тоқсанындағы негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер туралы мәлімдеді.
Оның айтуынша, қалалық бюджеттің кіріс бөлігі 55%-ға артық орындалып, бюджетке 832 миллион теңге түскен. 2024 жылдың қорытындысы бойынша артық орындалу 30%-ды құраған, бұл тұрақты оң динамиканы көрсетеді.
Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 748 миллион теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда екі есе артты. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2,1 миллиард теңгеге жетті. Алдыңғы қатарлы кәсіпорындар қатарында – Ұлттық ядролық орталық, УМЗ, Azot, Мерусар және Altyn Group Qazaqstan.
Шағын және орта бизнес белсенді дамып келеді – қалада 588 субъект тіркелген. Жаңа жобалар қаралуда, оның ішінде көмір-химия кешенінің құрылысы да бар.
Әлеуметтік салада денсаулық сақтау нысандарын жаңғырту жалғасуда.
Аурухананың бірінші және екінші қабаттары жөнделген, апаттық-техникалық орталықтың құрылысы жүріп жатыр.
Сонымен қатар, абаттандыру, жол инфрақұрылымын қалпына келтіру, жылумен және сумен жабдықтау жүйелерін жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Әкім кадр тапшылығы мәселесіне де тоқталды — қалада 375 бос жұмыс орны бар, ал ресми тіркелген жұмыссыздар саны — 107 адам.