«Елімай» футбол клубының таныстырылымы өтті
Семейде «Елімай» футбол клубының таныстырылымы болды. Шара барысында көпшілікке команданың негізгі және жастар құрамалары мен бапкерлік штаб мүшелері ресми түрде таныстырылды. Ерекше атап өтерлігі, клуб құрамында алғаш рет қыздар командасы құрылды.
Таныстырылымға облыс әкімі Берік Уәли қатысып, команданы жаңа маусымның басталуымен құттықтап, сәттілік тіледі.
«Елімай» футбол клубының өкілдері аймақ басшысына естелікке жаңа жейде сыйға тартты.
Команда Қазақстан премьер лигасының 4 туры аясында талдықорғандық «Жетісуді» қабылдап, 3:0 есебімен жеңіске жетті. Жергілікті құрама турнирлік кестеде 13 ұпаймен 3-інші орында келеді. Жерлестеріміз 4 мамырда «Спартак» стадионында «Оқжетпес» командасымен кездеседі.
Бүгінде Семей қаласында 1500-ге жуық баланы «Елімай» футбол орталығында кәсіби жаттықтырушылар баптап жүр. Команда Көкпекті, Аягөз, Абай және Ақсуат аудандарында ауыл жастарына арнап жолдастық кездесулер өткізіп, футболды аудандарда кеңінен насихаттап жүр. Жуырда «Ұшақтар» шағын ауданында жаңа стадион қолданысқа берілді.