Биыл елімізде егіс алқабының көлемі 23,7 млн гектарға дейін жеткізіледі

Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров көктемгі дала жұмыстарының барысы туралы баяндады.
Ол облыс әкімдіктерінің деректеріне сәйкес, осы жылы жалпы егіс алқабы 23,7 млн гектарды құрайтынан, бұл өткен жылмен салыстырғанда 413 мың гектарға артық екенін атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде: нәтижесінде 2 жыл ішінде бидай алқабы 750 мың гектарға (оның ішінде биыл 187 мың гектарға) қысқарды. Ал мал азығы мен майлы дақылдар алқабы 3,3 млн гектарға жетеді, бұл ретте күнбағыс алқабы алғаш рет 1,4 млн гектарды құрағалы отыр. Дәнді және бұршақ дақылдарын 16,6 млн гектарға егу жоспарлануда.
«Мақта алаңы 135 мың гектар болмақ, оның ішінде дәстүрлі әдіспен өсірілетін алаң 21,4 мың гектарға қысқарып, 85 мың гектарды құрайды. Бұл ретте, «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы мен қытайлық Синьцзян Лихуа компаниясының ортақ жобасын есебінен тамшылатып суарылатын мақта алаңы 50 мың гектарға ұлғаятын болады», — деп толықтырды Айдарбек Сапаров.
Министрліктің мәліметіне сәйкес, бүгінгі таңда ылғал жабу жұмыстары толығымен аяқталды. Егу алдындағы топырақты өңдеу және көктемгі жер жырту жұмыстары аяқталуға жақын. Аталған жұмыс түрлерін сапалы және толыққанды жүргізу вегетациялық кезеңнің бастапқы кезеңдерінде климаттық факторлардың ықтимал теріс әсерін азайтуға мүмкіндік береді.
Бүгінгі күні республика бойынша жаздық дақылдарды жаппай егу басталып, егіс науқаны барлық өңірлерде жүріп жатыр. Барлығы 3,7 млн гектар егілді:
-
дәнді дақылдар – 2 млн га;
-
жемшөп дақылдары – 300 мың га;
-
майлы дақылдар – 888 мың га;
-
көкөніс-бақша дақылдары және картоп – 195 мың га.
Мақта мен қант қызылшасын егу жұмыстары аяқталу сатысында (94,7% және 93,4%).
«Күздік дақылдарға келетін болсақ, 2025 жылға күздік дәнді дақылдар 405,7 мың га алаңға егілді. Олардың 74%-ы жақсы, ал 23%-ы қанағаттанарлық жағдайда. Сонымен қатар оңтүстік өңірлерде ерте пісетін көкөністерді жинау жұмыстары басталды. Атап айтқанда, Түркістан облысында 1,2 мың гектар алаңнан 38,3 мың тонна қырыққабат жиналды. Жалпы, ағымдағы жылы 580 мың тоннаға жуық ерте пісетін көкөніс жинау жоспарлануда, бұл жаңа өнм жинауға дейінгі маусымаралық кезеңде ішкі нарықтың қажеттілігін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деп атап өтті министр.
Айдарбек Сапаровтың айтуынша, көктемгі дала жұмыстарын (КДЖ) ерте қаржыландырудың арқасында шаруалар негізгі ресурстарды, яғни тұқым, тыңайтқыш, жанар-жағармай мен ауыл шаруашылығы техникасын қолайлы бағамен алып үлгерді. Бүгінгі күні КДЖ қаржыландыруға 480,6 млрд теңге сомасына 7 мың өтінім түсіп, оның 385 млрд теңгесіне 6,1 мың шаруа қаржыландырылды.
«Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жеңілдікпен қаржыландыруға 8 әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация қатысуда, оларға фермерлерді қаржыландыру үшін 131,1 млрд теңге бөлінді. Олардың ішінде Ақмола, Қостанай және СҚО жеңілдетілген қаражатты игеру бойынша жақсы көрсеткіштер көрсетуде. Ал Жамбыл және Қарағанды облыстарының әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары жеңілдетілген қаржыландыруға мүлдем қатысып жатқан жоқ. Бұл жерде әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы жергілікті жерлерде арзандатылған қаржыны игеру жұмыстары қарыз алушылардан көптеген құжаттар сұрату кесірінен шектеліп жатқандығын атап өткім келеді. Бұл тізім 20 құжатқа, ал кейбір өңірде – 30 құжатқа дейін жетеді. Тағы да облыс әкімдіктерінен осы мәселеге назар аударуды сұраймын», — деп атап өтті министр.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің жеңілдетілген несиеге қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында қарыз сомасының 85% мөлшерінде кепілдік беру бағдарламасын жалғасуда. Қазіргі күні жалпы сомасы 135,2 млрд теңгеге 943 кепілдік берілді. Бұл ретте қарыздардың жалпы сомасы 159 млрд теңге құрайды.
Жылдық 5% сыйақы мөлшерлемесі бойынша 200 млрд теңге сомасына жеңілдетілген лизинг бағдарламасы отандық өндірістің 6 мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға мүмкіндік беретін болады. Бүгінгі күні 120 млрд теңгеге 3,2 мың өтінім келіп түсті. Форвардтық сатып алу шеңберінде Азық-түлік келісім шарт корпорациясына 17,7 млрд теңге сомасына 191 өтінім берілген.
«Энергетика министрлігі биылғы егіс науқанына 401 мың тонна арзандатылған дизель отынын бөлді. Операторлардың шығындарын ескере отырып, шаруалар үшін түпкілікті баға литріне 254 теңгені құрайды, бұл нарықтан 15%-ға арзан. Қазіргі уақытта 237 мың тонна (59%) арзандатылған жанар-жағар майға шарттар жасалып, төленді, оның 218 мың тоннасы тиеп-жөнелтілді», — деп нақтылады Айдарбек Сапаров.
Министрліктің дерегінше, бүгінде ауыл шаруашылығы құрылымдарында 139 мың трактор, шамамен 5,6 мың бірлік жоғары өнімді егіс кешені, 71 мың сепкіш, 141 мың топырақ өңдеу құралы бар. Өңірлердің ақпараты бойынша техниканың дайындығы шамамен 99% құрайды.
Сонымен қатар көктемгі егіс науқанында тұқымға деген жалпы қажеттілік 2,3 млн тоннаны құрады. Тексерілген тұқымдардың 99% кондициялы болып табылды және егу стандартының 1 және 2 класына сәйкес келеді.
«Бұл жерде отандық тұқым шаруашылығын дамытуды ынталандыру мақсатында Ережеге тұқым құнын субсидиялау кезінде сараланған тәсілді енгізуді көздейтін өзгерістер енгізіліп жатқандығын атап өткім келеді. Тыңайтқыштарға келетін болсақ, өткен жылы алғаш рет тыңайтқыштарды енгізу көлемі 1,3 млн тоннаны құрады. Биыл 1,9 млн тонна көлемінде тыңайтқыштар енгізу бойынша индикатор белгіленді, бұл ғылыми негізделген қажеттіліктің 59%-на дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Аталған көрсеткішке қол жеткізу мақсатында Үкімет резервінен тыңайтқыштарды субсидиялауға қосымша 48,4 млрд теңге бөлінді», — деді министр.
Әкімдіктердің деректеріне сәйкес, бүгінгі күні 991 мың тонна тыңайтқышқа келісім-шарт жасалып, оның 841 мың тоннасы жөнелтілді. Дегенмен, облыстардың тыңайтқыштарды қолдану көлемі әр түрлі: Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жетісу облыстарында тыңайтқыштарды жөнелтудің көрсеткіші жоғары болса, Ақмола және Жамбыл облыстарында тыңайтқыштарды тиеп-жөнелту жұмыстары баяу жүріп жатыр.
«Әкімдіктер осы бағытта жұмысты жандандырып, тыңайтқыштарды жөнелту мәселесін тұрақты бақылауда ұстау қажет. Осылайша, Үкімет барлық қажетті шараларды қабылдады: яғни шаруалар қаржыландыру, арзандатылған дизель отыны, сапалы тұқым мен тыңайтқыштармен қамтамасыз етілді. Қазіргі уақытта егіс жұмыстарының жақсы қарқыны орын алды. Бұл ретте, осы қарқынды төмендетпей, егісті оңтайлы агромерзімде аяқтау қажет», — деп түйіндеді Айдарбек Сапаров.