Д. Шәкәрімов: «Аягөздің мәселелері шешімін таба бастады»

Таяуда ежелден аңыздар елі атанған Аягөз ауданына жол түскен еді. Ән мен жырға ертеден арқау болған Аягөздің тағы бір ерекшелігін танытатын қыры - Шұбартау өңірі. Кезінде мыңғырған малымен аты шыққан Шұбартаудың қазіргі жағдайы қандай екені тәптіштей айтпасақ та түсінікті. Дегенмен, облыс әкімі Берік Уәлидің өткен айдағы сапары әлеуметтік мәселесі жетіп артылатын шалғайдағы өңір халқының алдағы күнге үмітін оятқаны мәлім. Сол тұрғыда Аягөз ауданының әкімі Данияр Шәкәрімовке бірқатар тапсырмалар бергенін де жергілікті жұрт жақсы біледі.
Сапарымыздың барысында аудан әкімі Данияр Қайырханұлымен арнайы кездесіп сұхбаттасудың сәті түсті.
Данияр Қайырханұлы Сіздің Аягөз ауданына әкімі қызметіне өткен жылдың соңында тағайындалдыңыз. Осы ауданның құрамындағы Шұбартау өңірінің күн тәртібінде тұрған мәселесі де аз емес. Облыс әкімі таяуда осы өңірдің халқымен кездесіп, мән-жайымен танысып қайтқан болатын. Сұхбатымызды содан бергі атқарылып жатқан жұмыстар барысынан бастасақ...
- Шұбартау өңірі кезінде 18 мың тұрғыны бар жеке аудан болатын. Кейін әртүрлі кезеңдерге байланысты тарап кетті. Қазіргі күнде 6500 адам тұрады. Ол жерде 10 ауыл, бір елдімекен бар. Мәселелер, әрине, аз емес. Малгелді ауылында ауыз су жайы әлі күнге шешілмеген болатын. Бюджеттен қаражат бөлініп, осы жылдың қыркүйек айына дейін бұл мәселеге нүкте қою жоспарланып отыр. Қазір Баршатас пен осы ауыл арасындағы жолдарды жөндеуді «Қазавтожол» бастап кетті. Жақында облыс әкімі Берік Уәли келген сапарында осы жолға жете мән берген болатын. Өз көзімен көріп, әдейілеп жүрді, жағдаймен танысты. «Қазавтожол» басшылығымен кездесу нәтижесінде 45 шақырым жол жөнделетін болып келісілді. Тағы бір айтатын жайт, Шұбартау өңірінің орталығы саналатын Баршатасқа «Қазақ мыстың» көмегімен өрт сөндіру депосының ғимаратын салып, қысқы жағдайда жол ашатын техникалар бөлу жұмыстары жүріп жатыр. Соған қатысты сметалық-құжаттаманы дайындап, 3 миллион теңгені бөліп қойдық. Бұл депо үш бөліктен тұратын болады. Жедел шақыру қызметі, кезекшілік, қыста күрейтін техникаларды жұмылдыру қызметі іске қосылуын жоспарлап отырмыз. Одан өзге жарықтандыру, балалардың ойын алаңын салу жұмыстары да кезең-кезеңімен атқарылып жатыр. Байқошқар ауылына келетін болсақ, о жерде де ауыз су жайы бітпеген. Мен ол жерде екі рет болдым. Облыс әкімінің сапарында да осы мәселе айтылды. Қазір облыстық бюджеттен 200 миллион, ұлттық қордан 53 миллион бөлінді. Қалған 108 миллион теңгені жергілікті бюджеттен қарастыратын боламыз. Қыркүйек айына дейін бұл мәселе де шешімін табады. Одан бөлек Байқошқар ауылында спорт кешенін салу да жоспарымызда бар. Облыс әкімі сол тұрғыда тапсырма беріп кетті. Оның сомасы 350 млн теңге шамасына бағаланып отыр. Дегенмен, оның басқа да тетіктерін қарастырып жатқан жайымыз бар. Байқошқар ауылына дәрігерлік амбулатория салу мәселесі де назарға алынған. Ол жүзеге асса үш медбике жұмыс істейтін болады. Баршатас ауылында су мұнарасын салу да жоспарымызға енген.
Сіздің аудан құрамындағы ауыл тұрғындарымен кездесуіңіз де басталып кеткен екен. Алғашқы кездесуді Тарбағатай ауылынан бастапсыз. Кездесуде тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныс, көтерілген мәселе жайынан хабардар етсеңіз...
- Жалпы, Аягөз ауданында 22 ауыл бар. Мұның барлығын аралауға екі апта уақыт кетеді. Қаңтар айында тағайындалып келгелі екі рет аралап шыққанмын. Бұл жолы Тарбағатай ауылы мен Ақши елдімекенінде болдым. Онда да ауыз су мәселесі көтерілген болатын. Бюджетке өтінім берілген. Бірақ, сомасы әзірге белгісіз. Жарығы өшкен көшелер де бар. Биыл Тарбағатай ауыдында алты көшеге асфальт төселетін болады. Бұл жұмыс мамыр айынан бастап екі ай ішінде жасалады.
Президент назарға алып отырған мәселенің бірі – өңірлерде «Жайлы мектеп» салу бағдарламасын орындау. Бұл тұрғыда не айтасыз?
- Аудан орталығы Аягөз қаласындағы «Қуаныш» мөлтек ауданында 600 орындық мектептің құрылысы жүріп жатыр. Негізі оның құрылысының аяқталу мерзімі 2024 жылдың соңы болатын. Алайда, құрылыс жұмысын жүргізу кезінде жер астынан су шығып кетуіне байланысты дер кезінде пайдалануға беру мерзімі кешіктірілді. Облыс басшысы сапарында көріп шыққан болатын. Құрылысын қолға алған «Самұрық-Қазына контракшн» компаниясының жұмысын екі аптада бір рет барып, қазір қатаң бақылауда ұстап отырмын.
Ауданда «KAZ Minerals» секілді ірі кәсіпорындар да жұмыс істеп жатыр. Олардың тарапынан түсетін салық түсімі, бюджет кірісіне келтіретін пайдасы туралы да айтып өтсеңіз...
- «KAZ Minerals» компаниясы ауданға 15 млрд теңге көлемінде салық төлейді. Оның біздің ауданға ғана емес, басқа да өңірлерге көрсетіп отырған көмегі көп. Қопа ауылында спорт кешенін салуға қолдау көрсетіп жатыр. Қопа ауылы мен Ақтоғайдың ортасындағы жолды салып бергені де дәтке қуат болды. Сонымен қатар Ақтоғай кентінде кезінде бітпей қалған мектеп ғимаратының құрылысына да көңіл бөліп отыр.
Аудан әкімі ретінде Аягөз ауданының халқына қандай ой тастап, ұсыныс айтқыңыз келеді? Жасыратыны жоқ әлеуметтік желілерде де тұрғындар тарапынан сын айтылып жатады.
- Мен әрине, сырттан келгем жоқ, осы жердің тумасымын, перзентімін. Ата-анам да осы жерден өскен жандар. Кейде ауылдарды аралағанда атамды білетін ақсақалдар де кездесіп қалып, ілтипатын білдіреді. Ал, енді, сын жайына келетін болсақ, өз басым ешкімге сынамаңдар деп айтпаймын. Өйткені, осы жерге жұмыс істеуге келген адаммын. Жұмысым дұрыс атқарылмай жатқанын айтса, өзіме жақсы. Оны бірден назарға алатын боламын. Мен ең басты жайт ретінде, тазалықты сақтау мәселесін айтқым келеді. Бәріміз де жақсы білеміз, Президент бастамасымен республика көлемінде «Таза Қазақстан» акциясы басталып кетті. Соған бір кісідей ат салысып, қоқыстарды көрінген жерге тастамай арнайы контейнерлерге салудан бастап, көше тазалығын сақтауға бас мән берсек дегім келеді. Аягөз ауданында «Таза Қазақстан» жобасының аясында аудан әкімдігінің «Аудан елді мекендерін көктемгі көгалдандыру, көркейту және санитарлық тазалауды жақсарту мақсатында екі айлық сенбілік өткізу туралы» қаулысы қабылданып 5 сәуірден бастап ауданда сенбіліктер өткізіліп жаьтыр. Бүгінгі күнгі жалпы сенбіліктерге кәсіпорындар, ұйымдар, мекемелерден 6613 адам қатысып, 134 техника тартылды, 1885 аула тазартылды (61 көпқабатты, 1824 жеке тұрғын үйлер), 1482 тонна қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылды, 54 саябақтар мен гүлзарлар жиналды, 10 ағаш отырғызылды, 524 әлеуметтік нысан қамтылды, 108 өнеркәсіп және бизнес нысандар қамтылды, 8 фонтан және 700 метр арықтар тазартылды. Сондай-ақ, бас инспектор анықтаған кемшіліктерді жою жұмыстары жүргізілді. Бұған қарамастан Аягөз қаласында көп жылдар бойы арнайы белгіленбеген орындарға күл қоқыс төгу мәселесі орын алып отырғаны рас. Атап айтқанда Нұралинов, С.Сейфуллин, Ғаббасов, Уәлиханов, Х.Дүйсенов, Бөгенбай батыр, Гагарин, Маженов, Көшкенбаев, Төлендин, Ешмағанбетов көшелерінің бойында кемшіліктер бар. Аталған көшелерде тек жеке жер үйлер орналасқан. Осы мәселені шешу мақсатында Аягөз қаласының әкімдігінің тарапынан 3-5 үйге 1 қоқыс контейнерін орнату жұмыстары басталды. Бүгінгі күнге 0,75 кубтық 300 жаңа контейнерлер таратылды. Қалған 1470 контейнерді тарту да жоспарланып отыр. Сонымен қатар, тұрғындармен «Аягөз тазалық» мекемесінің тарапынан контейнерді шығару үшін келісім шарттар жасау жұмыстары жүргізілуде. Алайда, көптеген тұрғындар келісім шартқа отырудан бас тартуда. Аталған жұмыстар Аягөз қаласы әкімдігінің күнделікті бақылауында, осы мақсатта арнайы топтар құрылып, топтардың құрамына Аягөз қаласы әкімдігінің мамандары, қоғамдық кеңестің мүшелері, мәслихат депутаттары, учаскелік полиция қызметкерлері енгізіліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, бәріміз Аягөздің тазалығы үшін бірлесе қимылдасақ, ұрпақ үшін де тәрбиесі айрықша болары күмәнсіз.
Сұхбатыңызға көп рахмет. Амандықта болайық!
Сұхбаттасқан Сәтжан Қасымжанұлы