Cемей-2°С
Ауа-райы
  • Абай14°С
  • Аягөз17°С
  • Ақсуат16°С
  • Бородулиха18°С
  • Қалбатау19°С
  • Курчатов18°С
  • Көкпекті16°С
  • Үржар17°С
478.96 533.03 5.22

Семейде қазақи нақыштағы «Наурыз аруы» байқауы өтті

4-04-2023, 08:56 018.kz

Семей қаласының Абай театрында М.О. Әуезов атындағы педогогикалық колледжінің ұйымдастыруымен дәстүрлі «Наурыз аруы» байқауы өтті. Биыл сұлулық сайысы оқу орнының 120 жылдығымен тұспа-тұс келді. Сонымен қатар байқауға биыл 30 жыл толып отыр.

Байқауды тамашалауға келген көрермендер мен қолдаушылардың қатары өте көп болды. Кештің әділ қазылары: аймақтық «Semei» телеарнасының директоры –  Хасен Молдабаев, Семей қаласының халықты жұмыспен қамту орталығының директоры - Дариға Абайқызы, «Хабар 24» телеарнасының Абай облысындағы меншікті тілшісі – Азамат Қасым, театр актрисасы – Сұлушаш Түлекова болды. Сайысқа ақылына көркі сай 6 ару қатысты. Олар таныстыру, өнер көрсету, сұрақ-жауап, дефиле сынды 6 кезеңде бақтарын сынады.

Ән мен биге, жыр мен күйге толы бұл кештің ерекшелігі ретінде сайыс кезеңдерінің бірі болып сахналық қойылымның сомдалуы болды. Яғни, «Наурыз аруы» атағына үміткер арулар Шәкен Аймановтың кино туындыларынан үзіндіні сахнада ойнауы қажет болды. Тақиялы періште көрінісіндегі Тайлақтың рөлі көрерменнің көзайымына айналды. Бұдан бөлек Шәкен Аймановтың киноларындағы Нұржамал, Райхан, Қозы мен Баян кейіпкерлері де сомдалды.

Әдеттегі қыз сыны байқауларында арулаға қиынға соғатын сұрақ-жауап бөліміненде арулар сүрінбей өтті.

Жарыстың соңғы кезеңдерінің бірінде бұрымдылар өз қолымен дайындаған ұлттық тағамдарды әділ қазыларға ұсынды. Үйреншікті ет, құрт сияқты тағамдардан бөлек жаубүйрек, әсіп, балқаймақ сынды сирек дайындалатын тағамдарды қалың көпшілік алдында паш етті.

Келесі кезекте арулар көздің жауын алатын кешкі көйлектерді киіп дефиле көрсетті.

Кештің қорытындысын шығару қазылар алқасына оңайға түспегені анық. Алты қатысушы да өте жоғары деңгейде өнер көрсетті. 5 қатысушыға номинация берілді. Сонымен тартысқа толы байқаудың қорытындысы бойынша «Наурыз аруы - 2023» атағын колледждің 1 курс студенті Тлеуғажы Нұрай иеленді.

«Барлығынан бұрын еңбегіміздің ақталғанына қатты қуаныштымын. Әрбір қолдау білдірген жанға, оның ішінде топ студенттері мен ұстаздарыма, жақындарыма алғысым шексіз»,- деді байқау жеңімпазы.

Шараның бас ұйымдастырушысы Шағангүл Жанаева шараның маңыздылығын атап өтті.

«Тәуелсіздік алған жылдары Наурыз мерекесі қайта орала бастаған еді. Сол кезден бастап осы «Наурыз аруы» байқауы өткізіліп келеді. Алғашында оқу ордасының АКТ залында өтетін іс-шараның бүгінде осындай кең көлемге жеткеніне мен бек қуаныштымын»,-  деді ол.

Қатысушылардың барлығына арнайы алғыс хаттармен ақшалай сыйлықтар және демеушілер тарапынан бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Наргиз АЙДЫН

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив