Мақаншыда май өндіретін зауыт салынып жатыр
Мақаншы ауылында майлы дақылдарды өңдеп, тазартылған күнбағыс майын өндіретін жаңа кәсіпорынның құрылысы жүріп жатыр. Жобаның жалпы құны – 8 миллиард теңге. Оның 3 миллиарды – инвесторлардың жеке қаражаты.
Кәсіпорын толық іске қосылған кезде жылына 1000 тоннаға дейін тазартылған күнбағыс майын өндіреді деп жоспарланып отыр. 120 жаңа жұмыс орны ашылады.
Қазіргі таңда нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Жобаны толық аяқтау мерзімі – 2027 жылдың желтоқсан айы.
Облыс әкімі Берік Уәли ауданға жұмыс сапары барысында май зауытының құрылыс барысымен танысты. Жобаның өңір үшін маңызды екенін атап өтті.
Облыс әкімі жұмыс сапары барысында Мақаншы ауылындағы Жеңіс паркінде жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмыстарымен танысты. Қазір мұнда керамикалық тақтайшалар төселіп, жаяу жүргіншілер жолдары, жарықтандыру жүйесі жаңартылуда.
Аудан әкімі Дәурен Қойгелдиннің айтуынша, паркте «Ұлы дала» алаңы жасалып, маңызды іс-шаралар осында өтетін болады.
Сондай-ақ аудан орталығында Қабанбай паркі жөнделуде. Екі демалыс орнының жаңғыруына облыстық бюджеттен қаржы бөлінген. Жөндеу жұмыстары шілде айында аяқталмақ.