Cемей19°С
Ауа-райы
  • Абай20°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау13°С
  • Курчатов25°С
  • Көкпекті16°С
  • Үржар19°С
510.81 578.59 6.51

Мәжіліс қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заң жобасын қарайды

26-05-2025, 14:22 Думан Кенжеғазыұлы

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Бюро отырысы өтіп, алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды.

Депутаттардың талқылауына бірінші оқылымда қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын қарау енгізіледі. Құжат ұлттық заңнаманы халықаралық стандарттарға, атап айтқанда, Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобының (FATF) ұсынымдарына сәйкестендіру мақсатымен әзірленген.

Заң жобасы аясында қаржылық мониторинг субъектілерінің тізімін кеңейту ұсынылады. Олардың қатарына ұялы байланыс операторларын және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясын қосу көзделіп отыр. Сондай-ақ қаржылық мониторинг субъектілерінің уәкілетті органға күмәнді қызмет жөнінде хабарлама жіберу міндетін енгізу ұсынылады. Бұдан бөлек, қолма-қол түрде мәдени құндылықтарды сатып алу немесе сату, оларды әкелу немесе әкету, сондай-ақ цифрлық активтермен жасалатын операциялар бойынша 5 миллион теңгеге тең немесе одан асатын сомаға шекті мән белгіленеді. Сонымен қатар заң жобасында қаржылық операциялардың ашықтығын арттыруға, қаржылық мониторинг жүйесін нығайтуға және кірістерді заңсыз жолмен заңдастыруға (ақшаны жылыстатуға) әрі терроризмді қаржыландыруға қарсы күрес шараларын күшейтуге бағытталған бірқатар басқа норма да қарастырылған.

Екінші оқылымда депутаттарға Қылмыстық, Қылмыстық-процессуалдық және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыруға қатысты түзетулерді қарау ұсынылып отыр. Заң жобасын Президенттің 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Қазақстан халқына жолдауы аясында берілген тапсырмаларын орындау үшін Үкімет әзірлеген. Бұл түзетулер құқық үстемдігін қамтамасыз етуге, мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын әділеттілік пен жауапкершіліктің сәйкестік қағидаттарына сай келтіруге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының жоғары конституциялық құндылықтары мен негізгі қызмет қағидаттарын тиімді қорғауға бағытталған.

Сонымен қатар депутаттар «Нысаналы капитал қорлары (эндаумент-қорлар) туралы» және ішкі істер органдарының қызметі саласындағы нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелеріне қатысты заңнамалық түзетулерді қарайды.

Жалпы отырыста Мәжіліс бірқатар жаңа халықаралық құжатты жұмысқа алуды жоспарлап отыр. Олар: Ресей Федерациясымен Қостанайдағы Челябі мемлекеттік университетінің филиалының жұмыс істеуі туралы келісім, Түрікменстанмен қылмыспен күресте ынтымақтастық жөніндегі келісім, Қатар мемлекетімен қазақстандық азаматтарды жұмысқа орналастыруды реттеу туралы келісім, сондай-ақ 2003 жылғы 25 желтоқсанда жасалған Қырғыз Республикасымен мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттері туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама.

Сонымен қатар күн тәртібінің жобасында Сенат ұсынған «Аквашаруашылық туралы» заңның жекелеген баптарында жаңа редакцияда енгізілген өзгерістер де  қаралады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив