Мәжіліс қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға қарсы іс-қимыл туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда депутаттар қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Төрт заң екінші оқылымда қабылданды. Олар: нысаналы капитал қорлары және эндаумент-қорлар (нысаналы капиталдар) туралы, ішкі істер органдарының қызметіне қатысты, сондай-ақ Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша, астана мен республикалық маңызы бар қалаларды дамыту туралы заңдар.
Мәжіліс қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Жоба салалық заңнаманы Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржы шараларын әзірлеу тобы ұсынымдарына сәйкес келтіру үшін әзірленген. Құжат аясында 6 кодекс пен 14 заңға түзетулер енгізіледі.
Заң жобасын Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов таныстырды. Оның айтуынша, агенттік қылмыстық кірістерді жылыстату және заңсыз қызметті қаржыландыру тәуекелдерін анықтау үшін коммерциялық емес ұйымдардың күдікті операцияларына талдау және мониторинг жүргізу міндеті жүктеледі.
Қаржы мониторингінің жаңа субъектілері ұялы байланыс операторлары мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы болады. Сондай-ақ депутаттар бұл тізімге Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын қалдыруды да ұсынды.
Бұл ретте қаржы мониторингі субъектілері күдікті қызмет туралы хабарларды уәкілетті органға жіберуге міндетті болады. Талқылау барысында депутат Павел Казанцев қазіргі уақытта олар Қаржылық мониторинг агенттігіне күдікті қызмет туралы ғана ақпарат беріп жатқанын атап өтті. Осы орайда депутат баяндамашыдан ұсынылып отырған жаңашылдықтың мақсатын және күдікті қызметті анықтаудың қандай критерийлері бар екенін сұрады.
Жеңіс Елемесов өз жауабында «күдікті қызмет» ұғымын енгізудің мәні қаржылық мониторинг субъектілері алатын аударымдардың жиынтығына талдау жүргізу екенін айтты. Оның айтуынша, әрбір операция бөлек ресми түрде күдік тудырмауы мүмкін, мұны бір-бірімен байланысты операциялар тізбегі арқылы анықтауға болады.
Сонымен қатар заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі Мұрат Ергешбаев қосымша баяндамадасында мәдени құндылықтарды қолма-қол нысанда сатып алу (сату) бойынша операциялар үшін қаржылық мониторингтің шекті мөлшерін 45 миллион теңгеден 1 миллион теңгеге дейін төмендету ұсынылғанын айтты. Сомасы 5 миллион теңгеге тең немесе одан асатын цифрлық активтермен жасалатын операциялар да қаржылық бақылауға алынады. Мәжілісмендердің ұсынысымен «мінсіз іскерлік бедел» ұғымы енгізіліп отыр. Яғни, бұрын әрекеттері қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға ықпал еткен жеке тұлғалармен байланысы бар кандидаттар енді қаржы ұйымының басшысы лауазымына үміткер бола алмайды.
Мәжіліс Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру туралы заңды екінші оқылымда қабылдады. Жұмыс тобының жетекшісі Абзал Құспан құжатпен жұмыс екі жылға жуық уақыт жүргізілгенін атап өтті. Қылмыстық заңнаманы жүйелеуге және үйлестіруге арналған заңға соңғы 10 жылда мыңнан астам өзгерту мен толықтыру енгізілген.
– Түзетулерді Әділет министрлігі Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында қылмыстық сот ісін жүргізуді оңтайландыру жөніндегі берген тапсырмасын орындау, сондай-ақ 2030 жылға дейінгі Құқықтық саясат тұжырымдамасын іске асыру аясында әзірледі. Қазақстан тарихында алғаш рет қылмыстық заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу өкілеттігі құқық қорғау органдарынан ведомстволық мүддесі жоқ орган ретінде Әділет министрлігіне беріледі, – деді депутат.
Заңда азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауды, бәсекелестік қабілеттілікті күшейту және қылмыстық іс жүргізуді оңтайландыру сияқты салалар қамтылған. Атап айтқанда, адвокаттардың құқықтары кеңейтілді. Олар сотқа қорғау актісін – айыптау қорытындысына қарсы құжатты ұсына алады, тексеру объектілері туралы мәліметтермен, жедел-іздестіру және қарсы барлау іс-шараларының материалдарымен, жасырын тергеу әрекеттерімен таныса алады. Бұдан басқа да түзетулер ұсынылады.
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов депутаттардың қоғам үшін маңызы зор заңды қабылдағанын атап өтті. Ол некеге тұруға мәжбүрлегені үшін 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе шектеу түріндегі қылмыстық жауапкершілік қарастырылған жаңа нормаға ерекше тоқталды.
– Соңғы кездері қыз алып қашуды ұлттық дәстүр санап, дәріптеу әрекеттері жиілеп барады. Бұл – шын мәнінде, адамның құқығы мен еркіндігін өрескел кемсіту. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай отырысында сөйлеген сөзінде: «Бұл – мүлдем ақтауға болмайтын заңсыздық, қараңғылық, тіпті масқара тірлік. Өркениетті қоғамда әр азаматтың абыройы, құқығы және бостандығы баға жетпес құндылық болуы керек» деген болатын, – деді Е.Қошанов.
Заңда шешімін тапқан тағы бір өзекті мәселе – дропперлік. Палата төрағасы қылмыстың осы түрімен күресті күшейту мақсатымен депутаттар бұл әрекет үшін қылмыстық жауапкершілікті бекітетін түзетулер әзірлегенін айтты. Заң қабылданған соң мұндай қылмысты жасаған адам 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылып немесе шектеліп, мүлкі тәркіленетін болады.
Соңында Мәжіліс спикері бүгін қабылданған заңның жекелеген нормалары бойынша, әсіресе, жасаған әрекеттері үшін жауапкершілікке мән бермейтін жастар арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігіне баса назар аударды.
Бұдан соң нысаналы капитал қорлары және эндаумент-қорлар (нысаналы капиталдар) туралы заң мен оған ілеспе түзетулер екінші оқылымда қабылданды. Жұмыс тобының жетекшісі Жұлдыз Сүлейменова құжатты қарау нәтижесінде активтерді сенімгерлік басқаруға берудің шекті мөлшері 10 мың АЕК деп белгіленіп, депутаттардың ұсынысымен әкімшілік-шаруашылық шығыстардың шекті көлемі инвестициялық кірістің 15 пайызын немесе таза активтердің орташа құнының 0,5 пайызын құрайтынын айтты. Нысаналы капитал қорын құру кезінде алушының жазбаша келісімін алу талабы енгізілді. Бұл ұйымдардың келісімінсіз олардың атынан қор құру мүмкіндігін шектейді.
Ішкі істер органдарының қызметі саласындағы нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша заң да екінші оқылымнан өтті. Жұмыс тобының жетекшісі Жарқынбек Амантайдың айтуынша, енді 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлерінің отбасы мүшелеріне, әскери қызметшілерге біржолғы төлемдерден бөлек, ай сайынғы төлемдер қосымша төленетін болады. Сондай-ақ заң құқық қорғау қызметін жүзеге асыруға, құқық қорғау органдары қызметкерлері мен әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз етуге, өндірістік мақсатта өсіруге рұқсат етілген қарасора өсімдіктерінің (каннабис) сорттарын анықтауға және басқаларға қатысты мәселелерді реттейді.
Сонымен қатар Астананы және республикалық маңызы бар қалаларды дамыту мәселелері бойынша заң екінші оқылымда қабылданды. Жұмыс тобының жетекшісі Болатбек Нажметдинұлы заңда астана мен республикалық маңызы бар қалаларды абаттандыру нормалары жетілдірілгенін баяндады. Олар қолжетімді ортаны қамтамасыз етуге, дизайн-кодты енгізуге, сондай-ақ жергілікті өкілді және атқарушы органдардың құзыреттерін нақтылауға қатысты. Сонымен қатар елордадағы көші-қон және жарнама қызметі реттеледі. Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында өмірлік маңызы бар салалардың: жылу-энергетика, сумен жабдықтау және су бұрудың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін бірінші кезектегі инфрақұрылымдық проблемаларды шешуге бағытталған түзетулер енгізілді.
Мәжіліс комитеттері бірқатар ратификациялық жобаны жұмысқа қабылдады. Олар: Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасындағы «Челябі мемлекеттік университеті» жоғары білім берудің федералдық мемлекеттік бюджеттік білім беру мекемесі Қостанай филиалының жұмыс істеуі туралы келісім, Қазақстан мен Қатар үкіметтері арасындағы Қазақстаннан келген жұмыскерлерді Қатарда жұмысқа орналастыруды реттеу жөніндегі келісім, 2003 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан мен Қырғыз үкіметтері арасындағы Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттері туралы келісімге өзгеріс енгізу жөніндегі хаттама, Қазақстан мен Түрікменстан үкіметтері арасындағы қылмыскерлікке қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісім.
Жалпы отырыс соңында мәжілісмендер әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша мемлекеттік органдарға 10 депутаттық сауал жолдады. Олар Мәжілістің ресми сайты мен Telegram-арнасында жарияланды.