Семейде «Еңбекші жастар – 2025» фестивалі өтті
Семей қаласындағы Электротехникалық колледж базасында «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында «Шығыс Жастары» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Еңбекші жастар – 2025» атты қалалық фестиваль өтті.
Фестивальдің мақсаты – еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтарды насихаттау, жастарды техникалық және жұмысшы кәсіптерге баулу, сондай-ақ еңбекке деген оң көзқарас қалыптастыру.
Іс-шараға Семей қаласы әкімінің орынбасары Қуаныш Әбілдаев, қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айбек Ғапуов, Абай облыстық Еңбек мобильділігі орталығының директоры Еркебұлан Тұрсын, колледж студенттері мен өңірдің еңбекші жастары қатысты.
Фестиваль аясында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Оған өңірдегі 20-дан астам ірі кәсіпорын мен жұмыс беруші мекемелер қатысып, жастарға тұрақты жұмыс пен тағылымдамадан өту мүмкіндіктерін ұсынды. Жәрмеңке барысында студенттер мен жұмыс іздеуші жастар өз мамандықтары бойынша нақты жұмыс орындарын таңдап, жұмыс берушілермен тікелей сұхбаттасты.
Сондай-ақ, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып жүрген еңбекші жастарға қала әкімінің орынбасары алғыс хаттар табыстап, олардың белсенділігі мен еңбегіне жоғары баға берді.
Айта кетейік, фестиваль Семей қаласы ішкі саясат бөлімінің қолдауымен жүзеге асырылып отыр.