Семейде инфрақұрылым нысандары тексерілді

Абай облысы әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов Семей қаласындағы бірқатар инфрақұрылым нысандарын аралап, олардың жағдайымен танысты.
Алдымен «Теплокоммунэнерго» мекемесінде болып, жылу маусымына дайындық және жылу желілерін жаңғырту жұмыстарының барысын қарады. Қала тұрғындарын қыс мезгілінде үздіксіз жылумен қамту үшін жұмыс қарқынын күшейту керектігін айтты. Сондай-ақ Ертіс өзені үстіндегі аспалы көпірдің техникалық жағдайы тексерілді. Қауіпсіздік пен жөндеу қажеттілігіне ерекше мән берілді.
Бұдан кейін автогуж көпірінің жанынан салынып жатқан жаңа көпірдің құрылыс барысын көріп, құрылыс материалдарының жеткізілуі, жұмыс кестесінің сақталуы және техникалық қамтамасыз ету мәселелерін назарға алды. Сонымен қатар ескі жүк көлігі көпірі де тексеріліп, тіректердің жағдайы бағаланды.
Нысандарды аралаған соң Серік Төленбергенов жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар беріп, Семей қаласының инфрақұрылымын жаңғырту және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.