Мәжіліс Жоғары аудиторлық палатаның дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласындағы аудит нәтижелері туралы есебін назарға алды

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда депутаттар Денсаулық сақтау министрлігінің, оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының халықты және денсаулық сақтау объектілерін дәрілік заттармен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз ету бойынша қызметінің тиімділігіне жүргізілген аудит нәтижелері туралы Жоғары аудиторлық палатаның есебін тыңдады. Сонымен қатар орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері туралы, әскери-патриоттық тәрбие мәселелері жайлы заңдар екінші оқылымда қабылданып, «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенін құру туралы Қазақстан-Ресей келісіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама ратификацияланды.
Мәжіліс «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің, оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының халықты және денсаулық сақтау объектілерін дәрілік заттармен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз ету бойынша қызметінің тиімділігіне аудит жүргізу» тақырыбындағы Жоғары аудиторлық палатаның баяндамасын назарға алды. Аудит нәтижесімен Жоғары аудиторлық палатаныңтөрағасы Әлихан Смайылов таныстырды.
– 2024 жылы республикадағы фармацевтика нарығының көлемі 1,2 триллион теңге болса, оның 84 пайызын шетелде өндірілген өнімдер құрайды. Отандық компаниялар жеткізетін дәрі-дәрмектер ассортименті 968-ден 507-ге дейін, яғни 2 есеге жуық азайған. Өндірістің локализациясына және инвестициялық міндеттемелерге мониторинг жүргізілмейді. Бұл талаптарды формалды түрде орындауға және жағдайды теріс пайдалануға әкеледі, – деді Әлихан Смайылов.
Аудит дәрі-дәрмекті нарыққа шығару процедураларының шамадан тыс бюрократияланғанын және ұзақ уақыт алатынын анықтады. Бірыңғай дистрибьютор жаңа дәрі-дәрмекті сатып алуы үшін ол бес түрлі тізбеге енгізілуі қажет. Қолдан жасалған шектеулер салдарынан сатып алудың басым бөлігі бір ғана өнім берушінің қатысуымен өткізіледі. Мұндай жағдай бағаның өсуіне әкеледі.
Сондай-ақ қазіргі сараптау, тіркеу және қадағалау тәртібінде олқылықтар бар, фармакологиялық қадағалау құралдары тиімсіз. Палата басшысы шарттардың дер кезінде жасалмауы мен жеткізу кестелерін сақтамау, дәрілік заттардың шығарылуы мен айналымын бақылау жүйелеріне қатысты басқа да бірқатар мәселені атап өтті.
Өз кезегінде Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов отандық фармацевтиканы жетілдіруге бағытталған ұсыныстарын айтты.
Депутат жаңа дәрілерді тіркеу мерзімін бір айға дейін қысқартуды, сондай-ақ клиникалық хаттамаларды дер кезінде қайта қарауды, тиімсіз дәрілерді алып тастауды және қажетті дәрілерді жедел енгізуді қамтамасыз етуді ұсынды.
– Шекті баға әлемдегідей 30 пайыздан аспауы керек. Баға белгілеу әдістемесін қайта қарау, «пайызға пайыз» қағидасын алып тастап, нақты шығындар мен халықаралық тәжірибені ескеру қажет. Жыл сайынғы максималды бағаларды автоматты түрде реттеу механизмін жаңарту, бағаны бақылаудың электронды жүйесін енгізу маңызды, – деді Асхат Аймағамбетов.
Сондай-ақ комитет басшысының айтуынша, СҚ «Фармацияны» реформалау қажет. Яғни, логистиканы дамыту, бәсекелестік, есеп беру мен ашық ережелерді енгізу керек. СҚ «Фармация» дәрілерді делдалдардан емес, тікелей зауыттардан сатып алууға тиіс. Дәрілік заттардың тапшылығын немесе артық болуын болдырмау үшін сатып алуды серпінді жоспарлау механизмін енгізген жөн. Ашық цифрлық есеп беру жүйесін құру да маңызды. Осының бәрін ескере отырып, депутат қарапайым халықтың мүддесі басшылыққа алынуы керектігін, қауіпсіз, қымбат емес дәрілерге қолжетімділікті қамтамасыз ету маңызды екенін айтты.
Депутаттар денсаулық сақтау саласында Жоғары аудиторлық палата ұсынымдарының орындалмауы, азаматтарды дәрі-дәрмекпен уақтылы қамтамасыз ету үшін заңнамаға өзгерістер енгізу қажеттілігі, фармакология саласындағы отандық жобалардың нарыққа тиімсіз енгізілуі, тіркелмеген дәрілік заттар мен субстанцияларды сатып алу және әкелу кезінде дәрілік заттардың шығу тегіне бақылаудың жоқтығы және басқа да мәселелерді көтерді. Жиын барысында айтылған депутаттардың сұрақтары мен ұсыныстары қорытынды ұсынымдарда жинақталып, Үкіметке жолданатын болады.
Талқылау қорытындысы бойынша Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы отандық фармацевтика өнеркәсібін дамытудың маңыздылығын үнемі атап келетінін, осыған орай депутаттық корпус салаға заңнамалық тұрғыдан қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Бұл ретте Палата спикері Мемлекет басшысының 2025 жылға қарай отандық өндірістегі дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың үлесін 50 пайызға дейін жеткізу жөніндегі мақсат орындалмағанын атап өтті.
– Көріп отырғанымыздай, дәрі-дәрмекпен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету деңгейін арттыру бойынша міндеттер әлі де жеткілікті. Сала жүйеленген тәсіл мен неғұрлым озық көзқарасты талап етеді. Есепті тыңдау қорытындысы бойынша біз Үкіметке, уәкілетті органдар мен әкімдіктерге ұсынымдар дайындадық. Депутаттар саладағы жағдайды жақсарту бойынша нақты шаралар ұсынды. Үкімет бүгінгі талқылау қорытындысы бойынша депутаттардың барлық ұсынысын ескеруі қажет. Өз тарапымыздан қажетті көмек көрсетуге дайынбыз, – деді Е.Қошанов.
Жалпы отырыс барысында Мәжіліс Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасындағы 2004 жылғы 22 желтоқсандағы «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі хаттаманы ратификациялап, Сенаттың қарауына жіберді. Құжат бойынша Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев баяндама жасады.
Хаттама арқылы ұшу сынақтарының басталу күнін 2025 жылдың желтоқсанына ауыстыру туралы түзету енгізіледі. Сондай-ақ Ресей тарапының 2028-2039 жылдар аралығы кезеңінде «Бәйтерек» кешенінен жылына кепілдендірілген ұшу саны екіден үшке дейін ұлғайтылады. Бұл жобаның өтелуіне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Өзгерістер салықтық преференцияларға да қатысты.
Жұмыс тобының жетекшісі Болат Керімбек бұл жобаны жүзеге асырудың қаржы тарту, ғарыш айлағының инфрақұрылымы мен кадрлық әлеуетін сақтау үшін маңызы зор екенін атап өтті. «Бәйтерек» кешенін уақтылы пайдалануға беру Қазақстанға ғарыш аппараттарын әзірлеу мен жасаудан бастап оларды «Бәйтерек» кешенінен ұшыруға дейін тиімді коммерциялық құрылымы бар толыққанды ғарыш саласын құруға мүмкіндік береді.
Мәжіліс депутаттардың бастамасымен әзірленген орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері бойынша заңды екінші оқылымда қабылдады. Жұмыс тобының жетекшісі Ерболат Сатыбалдин заңда стратегиялық маңызы бар су шаруашылығы және гидротехникалық құрылыстарды, селден, қар көшкiнiнен, көшкiндерден қорғайтын басқа да құрылыстарды салу және пайдалану үшін суармалы ауыл шаруашылығы алқаптарын, ғылыми-зерттеу және оқу орындарының тәжірибелік алқаптарының жерлерін, орман және су қорын алып қоюға рұқсат берілетінін айтты.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерiн ерекше қорғалатын табиғи аумақтар шекарасында орналасқан және оларды құру мен кеңейтуге дейін жұмыс істеп тұрған денсаулық сақтау және білім беру объектілерін, зираттарды, кәріздік тазарту құрылыстарын, электр беру желілерін пайдалану үшін олардың нысаналы мақсатын өзгертпей беруге рұқсат етiледi. Сондай-ақ инженерлік және коммуналдық қамтамасыз ету желілерінің коммуникацияларын салу үшін мемлекеттік орман қоры жерлерін басқа санаттағы жерлерге ауыстыру да мүмкін болады. Құжатта қоршаған орта мен орманды қорғау саласындағы қызметкерлердің жұмысын реттеуге бағытталған және басқа да түзетулер қарастырылған.
Әскери-патриоттық тәрбие, әскери қызмет және жекелеген орталық мемлекеттік органдардың функцияларын қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң екінші оқылымда қабылданды. Жұмыс тобының жетекшісі Юлия Кучинская жаңа нормалар азаматтарды әскери-патриоттық тәрбиелеудің маңыздылығын арттыруға бағытталғанын жеткізді. Түзетулер аясында білім беру ұйымдарындағы әскери дайындық жетілдіріледі. Білім беру ұйымдарында, оқушылар сарайларында, әскери бөлімдерде жұмыс істейтін әскери-патриоттық клубтар, үйірмелер қосымша білім беру аясында өз қызметін жүзеге асыра алады.
Сонымен қатар әскери қызметтің де беделі артады. Енді әскери борышын өтеуге міндетті Қазақстан азаматтары әскери дайындықтан емес, тұрғылықты жері бойынша әскери дайындықтан өте алады. Әскери есепке алу автоматтандырылып, азаматтарды әскери қызметке шақыру жетілдіріледі. Осылайша, Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың жасақталуы ұлғайтылады. Сондай-ақ Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мемлекеттік қорғаныс тапсырысы аясындағы функциялары Қорғаныс министрлігіне беріледі.
Жалпы отырыста Мәжіліс комитеттері жаңа заң жобаларын жұмысқа қабылдады. Олар: Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы, Қазақстан Үкіметі мен ОРЕС Халықаралық даму қоры арасындағы жеке сектордағы операцияларды ұйымдастыру бойынша негіздемелік келісімді ратификациялау туралы заң жобалары.