Cемей29°С
Ауа-райы
  • Абай20°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау13°С
  • Курчатов25°С
  • Көкпекті16°С
  • Үржар19°С
511.77 593.19 6.41

Арман Шаққалиев Астанада әлемдік 159 сауда маркасын біріктірген халықаралық көрмені ашты

11-06-2025, 17:52 Думан Кенжеғазыұлы

Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев 11-13 маусым аралығында Халықаралық «EXPO» көрме орталығында өтетін EXPOGOODS CENTRAL ASIA алғашқы халықаралық форум-көрмесін ашты. Іс-шара Қазақстан, Өзбекстан, Ресей, Беларусь, Қытай, Пәкістан, Иран, Латвия және Эстония сынды 9 елден 159 сауда маркасын біріктіріп отыр. Форумға бизнес өкілдері, мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар, бөлшек сауда желілері, электрондық коммерция, сондай-ақ HoReCa секторының өкілдері қатысуда.

EXPOGOODS CENTRAL ASIA – өңірлік күн тәртібіндегі маңызды оқиға болып, халықаралық деңгейде қызығушылық тудырды. Форум жұмысына жоғары деңгейдегі ресми делегациялар қатысуда. Олардың қатарында – Иран Ислам Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі доктор Голамреза Нури, Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлин, сондай-ақ Пәкістан Ислам Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Науман Башир Бхатти бар.

Көрмеде 3000 шаршы метрді алып жатқан Цзянсу провинциясының павильоны және Jiangsu Soho Holding Group (ҚХР) мемлекеттік тобы ерекше назар аудартты. Jiangsu Soho халықаралық сауда, инвестиция, мәдениет және денсаулық сақтау салаларында жұмыс істейді. Топ 380-нен астам компанияны біріктіреді, 20 000 қызметкері бар, 160-тан астам елге экспорт жүргізеді және 24 Қытай–Еуропа теміржол маршрутын басқарады. Жылдық айналымы 100 миллиард АҚШ долларынан асады. Мұндай ірі ойыншының қатысуы EXPOGOODS-тың жоғары халықаралық деңгейін көрсетіп, Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда ынтымақтастығын одан әрі күшейтеді.

EXPOGOODS көрмесіне әлемдегі жетекші электрондық коммерция және бөлшек сауда компаниялары үлкен қызығушылық танытты. Қатысушылар қатарында Alibaba, Wildberries, Lamoda сияқты компаниялармен қатар, өзге де трансұлттық платформалар мен желілердің өкілдері бар. Бұл компаниялардың қатысуы жаһандық нарықтарға шығуды көздейтін өндірушілер үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Арман Шаққалиев EXPOGOODS CENTRAL ASIA форум-көрмесі Орталық Азия, ТМД, Азия, Еуропа және Таяу Шығыс елдері арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға арналған жыл сайынғы беделді платформаға айналуы тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан өңірдегі сенімді транзиттік және сауда торабы ретінде, интеграциялық форматтардың бастамашысы және жаһандық жеткізу тізбектерінің белсенді қатысушысы ретінде маңызды рөл атқарады. Өңірдің жиынтық халқы 81 миллионнан асады және бұл нарық тұрақты өсім көрсетіп отыр. Осы тұрғыда өзара сауданы нығайту, жаңа нарықтарға шығу және шикізаттық емес экспортты дамыту мәселелері ерекше маңызға ие.

Министр Қазақстанның электрондық коммерция саласындағы жетістіктерін де атап өтті. Соңғы үш жылда елдегі онлайн-сауда көлемі екі еседен астам өсіп, 2 миллиард АҚШ долларынан асты.

«Халықаралық маркетплейстерді қоса алғанда, электрондық коммерцияны дамыту – шағын және орта бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, экспорттық әлеуетті арттырады және қазақстандық өнімдердің жаһандық деңгейде бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді», – деді ол.

Министрдің айтуынша, мемлекет пен бизнес-қоғамдастық заманауи сауда инфрақұрылымын құру, сауданы цифрландыруды қолдау және экспортты акселерациялау бағытында бірлесіп жұмыс істеуде. ҚР Сауда және интеграция министрлігі экспортты қолдауға бағытталған жүйелі саясатты жүзеге асырып отыр. Компанияларға аналитика және маркетингтік кеңестерден бастап, шетелдік көрмелер мен акселерациялық бағдарламаларға қатысуға дейін барлық кезеңде жан-жақты қолдау көрсетіледі.

«Біздің мақсатымыз – қазақстандық бизнестің жаһандық нарыққа шығуын қамтамасыз етіп, шикізаттық емес экспортты дамыту арқылы экономиканың тұрақтылығын арттыру», – деп толықтырды министр.

Форумның бірінші күнінде Astana International Trade Forum аясында жеткізушілер мен сатып алушылар арасындағы өзара іс-қимылдың нақты тетіктері талқылануда.

Халықаралық бөлшек сауда желілерінің өкілдері қатысқан питч-сессиялар шеңберінде өндірушілер өз тауарлары мен шешімдерін әлеуетті серіктестерге таныстыруда. Сонымен қатар B2B келіссөздері өтіп, тікелей іскерлік байланыстар орнатуға, келісімшарттар жасауға және тұрақты логистикалық тізбектер қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жүргізілуде. 

Екінші күні HoReCa Congress өтеді, ол қонақүй-мейрамхана секторындағы 150-ден астам компанияны біріктіреді. Күн тәртібінде – қонақжайлылық индустриясындағы жаңа трендтер, технологиялар мен жабдықтар, сервис пен маркетингті басқару, цифрландыру және тұрақты даму мәселелері қарастырылады.

Көрмелік экспозиция EXPOGOODS CENTRAL ASIA сауданың негізгі бағыттарын қамтиды. FOOD GOODS & HORECA бөлімінде тағам өнімдері, сусындар және биологиялық белсенді қоспалар ұсынылған. OUTDOOR HORECA бөлімінде ашық алаңдар мен іс-шараларға арналған жабдықтар бар. NON-FOOD GOODS бөлімінде үйге арналған тауарлар, косметика, тұрмыстық химия, ыдыс-аяқ, балалар мен үй жануарларына арналған өнімдер және кеңсе заттары қойылған. PRODUCTION & SERVICE бөлімінде қаптама, шикізат, жабдық, логистика және бизнеске арналған мамандандырылған қызметтер көрсетілуде.

EXPOGOODS CENTRAL ASIA – жаңа серіктестіктер құрылатын, тиімді мәмілелер жасалатын және халықаралық нарықтарға шығуға мүмкіндік беретін бірегей іскерлік платформа екенін дәлелдеді. Алғаш рет өткізіліп отырған форум осы жылы-ақ мемлекеттік құрылымдар, бизнес және халықаралық сарапшылардың басын қосып, сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту жолында іскерлік белсенділіктің орталығына айналды.

Арман Шаққалиев атап өткендей, Қазақстан диалогқа, ынтымақтастыққа және ортақ болашақ құруға ашық. Ол EXPOGOODS CENTRAL ASIA өңірдегі сауданың тұрақты өсуі үшін берік негіз болатынына және Қазақстанның Еуразиядағы жетекші экспорттық-логистикалық орталық ретіндегі рөлін нығайта түсетініне сенім білдірді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив