Cемей33°С
Ауа-райы
  • Абай20°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау13°С
  • Курчатов25°С
  • Көкпекті16°С
  • Үржар19°С
511.77 593.19 6.41

Мәжіліс Конституцияның 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы заң қабылдады

Кеше, 11:43 Думан Кенжеғазыұлы

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда депутаттар «Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңды қабылдады.

Заң бойынша жұмыс тобының жетекшісі Абзал Құспан құжатты Мемлекет басшысының Ұлттық  құрылтайда айтқан бас бостандығынан айырылған жүкті және кішкентай балалары бар әйелдердің жағдайына назар аудару туралы тапсырмасын орындау үшін депутаттар әзірлегенін атап өтті.

– Бұл – қателіктер жасаған, бірақ өкініп, өзінің мінез-құлқымен түзелу жолына түскенін дәлелдеген адамдарға қатысты біздің мемлекет тарапынан жасалған ізгілік актісінің кезекті көрінісі, – деді мәжілісмен.

 Депутат заңда азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірмейтін қылмыстар үшін сотталғандарды босату ұсынылып отырғанын айтты. Оларға қылмыстық құқық бұзушылықтар мен онша ауыр емес қылмыстар, залал келтіруге алып келмеген не оны толық өтеген ауырлығы орташа қылмыстар, сондай-ақ залалдың немесе азаматтық талап қоюдың бар-жоғына қарамастан, ауырлығы орташа қылмыс жасаған әлеуметтік жағынан осал адамдар тобы жатады.

Алдын ала есептеулерге сәйкес рақымшылық жасауға бас бостандығынан айыру орындарында отырған 6 мың сотталған және пробация қызметінің есебінде тұрған 9 мың адам рақымшылыққа ілігеді. Сондай-ақ  депутаттардың ұсынысымен рақымшылық актісін жүзеге асыру барысында қылмыстық жазасының соңғы бір жылын оң мінез-құлықпен өтеген 1700-ден астам сотталған азамат босап шығатын болады.

Абзал Құспанның айтуынша, ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін өтелмеген жаза мерзімін қысқарту ұсынылып отыр. Ал сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденіп алғаны немесе ысырап еткені немесе аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін сотталған адамдар үшін қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген залал мен оларға қойылған талап-арыздар толық өтелген жағдайда негізгі жазаның өтелмеген немесе орындалмаған бөлігінің мерзімдері немесе мөлшері бестен бір бөлікке қысқартылады.

Сондай-ақ әлеуметтік жағынан осал санаттағы 629 адам рақымшылыққа ілініп, оның 57-сі босатылады, 572 адамның мерзімі қысқартылады. Рақымшылық жасау туралы заң 833 әйелге де қатысты, оның ішінде 109-ы босатылады және 724-інің мерзімі қысқартылады.

Құжатта қылмыстық жауапкершіліктен босатуды және сотқа дейінгі тергеу органдарының өндірісіндегі 2136 қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді тоқтатуды айқындайтын нормалар қамтылған.

Жұмыс тобының жетекшісі рақымшылық жасауды қолдану туралы түпкілікті шешімді сот әрбір сотталушыға қатысты жеке қабылдайтынын атап өтті.

Бұл ретте рақымшылық жасау қылмысқа қарсы күресті күшейту аясында қылмыстық құқық бұзушылықтардың криминалдандырылған жаңа құрамдарына, мемлекеттік құпияларды заңсыз жария етуге байланысты қылмыстарға, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасаған адамдар үшін шектелетін болады. Ал рақымшылық аса қауіпті қылмыс жасаған адамдарға қолданылмайды.

Жалпы отырыста Мәжіліс Сенаттың «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын дамыту, қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау, байланыс және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу  туралы» заңға енгізген түзетулерімен келісті. Сенат ұялы байланыс операторларына алаяқтыққа қарсы ішкі жүйелер құруды және рұқсат етілмеген трафикті бұғаттауды, сондай-ақ жалған қоңыраулар шалынған абоненттік нөмірлерді бұғаттауды және олар туралы ақпаратты Ұлттық банктің Алаяқтықпен күрес орталығына беруді талап етуді ұсынды. Басқа да түзетулер енгізілді.

Жалпы отырыс соңында мәжілісмендер әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша мемлекеттік органдарға 15 депутаттық сауал жолдады. Олар Мәжілістің ресми сайты мен телеграм арнасында жарияланды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив