Қазақстанда жанар-жағармай материалдарын заңсыз шығаруға жауапкершілік күшейтіледі
Үкімет отырысынан кейін журналистердің сұрақтарына жауап берген ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов дизель отыны мен бензин бағасын көтеру қажеттігілігінің себептері туралы, сондай-ақ жанар-жағармай материалдарын шетелге заңсыз шығаруға жауапкершілікті күшейту жоспарлары туралы айтты.
Премьер-Министр қазақстандық отынды көрші елдерге заңсыз шығаруға әлемдік нарықтағы ахуал ықпал етіп отырғанын атап өтті.
«Көрші елдерде дизель мен бензиннің бағасы айтарлықтай жоғары. Ашық экономика жағдайында тауарлар бағасы қымбатырақ елге қарай өтеді. Әрине, біз шекараны жаба аламыз. Негізінде бізде жанар-жағармай материалдарын теміржол және автомобиль көлігімен шығаруға тыйым салынған. Сондай-ақ бұл бағаны тежеуге айтарлықтай әсер етіп отыр. Егер мұндай тыйым болмаса, онда жанар-жағармай материалдарының шығарылуы бүгінгіден әлдеқайда көп болар еді. Бірақ кез келген тыйым салу шаралары уақытша ғана әсер етеді, ұзақ мерзімді перспективада олар тиімсіз», — деді Әлихан Смайылов.
Сонымен бірге Үкімет басшысы қазіргі уақытта шекарада жанармайды заңсыз шығару әрекеттерінің жолын кесу жұмыстары тұрақты түрде жүргізілетінін айтты.
«Машинаға қосымша жанармай бактары орнатылып, адамдар жанармайды тіпті канистрлерге құйып шығарып жатады. Әрине, бәріне айыппұл салып, жауапқа тартуға болады. Біз мұндай қадамдарды қолға алып, жауапкершілікті күшейтуге бағытталған заңнамаға өзгерістер енгіземіз. Сонымен қатар заңсыздыққа жол ашатын экономикалық қызығушылықтарды төмендетуіміз керек, яғни баға алшақтығын қысқарту керек», — деді Премьер-Министр.