Cемей20°С
Ауа-райы
  • Абай20°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау13°С
  • Курчатов25°С
  • Көкпекті16°С
  • Үржар19°С
512.44 593.15 6.52

Сенат депутаттары Конституцияның отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы заңды қарайды

Кеше, 16:17 Думан Кенжеғазыұлы

Бүгін Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата Бюросының отырысы өтті. Онда депутаттар 19 маусым күні өтетін Сенат отырысының күн тәртібін белгіледі және осы аптада болатын кездесулер мен комитеттердің көшпелі отырыстарында талқыланатын мәселелерді пысықтады.

Бекітілген күн тәртібіне сәйкес сенаторлар алдағы бейсенбіде «Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңды қарайды. Заңның басты мақсаты – қылмыстық-құқықтық сипаттағы біржолғы адамгершілік актісін жүргізу. Бұл ретте азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірмейтін қылмыс жасағандарды ғана қылмыстық жауаптылықтан немесе негізгі жазадан босату туралы сөз болып отырғанын атап өткен жөн. Сондай-ақ сотталғандарға, оның ішінде, пробациялық бақылаудағыларға қатысты жазалаудың өтелмеген бөлігін қысқарту көзделген.

Сонымен қатар Палата отырысында «Қазақстан Республикасы кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметін жетілдіру, құқық қорғау органдарының, арнаулы мемлекеттік органдардың, азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін және әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету және әлеуметтік қорғау, сондай-ақ ішкі істер органдарының қызметі саласында артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қаралады. Құжат ауқымды мәселелерді қамтиды. Сол арқылы заңдарды артық нормалардан босату және заңға тәуелді актілер деңгейінде елде туындайтын өзгерістерге олардың нормативтік реттеу бөлігінде жедел ден қою көзделіп отыр. Атап айтқанда, есірткі құралдарының заңсыз айналымы мен теріс пайдаланылуына қарсы іс-қимыл, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін, әскери қызметшілерді әлеуметтік қолдау жөніндегі шараларды күшейту тетіктері және басқа да жаңа нормалар қарастырылған.

Депутаттар бастамашы болған «Қазақстан Республикасы кейбір заңнамалық актілеріне орман шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар және жеке кәсіпкерлік субъектілерінің міндеттемелеріне кепілдік беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң да Сенат отырысының күн тәртібіне шығарылды. Бұл заң ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңнаманы жетілдіруге және құқықтық реттеудегі олқылықтарды жоюға бағытталған. Аталған құжат арқылы орман қоры мен айрықша қорғалатын табиғи аумақтарда ол жерлерге ерекше мәртебе берілгенге дейін де болған әлеуметтік және стратегиялық нысандар мен инфрақұрылымдардың қызметіне қатысты проблемаларды шешу көзделген.

Сондай-ақ депутаттар Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін қарап, алдағы бірлескен жұмыстың маңызды міндеттерін айқындайды.

Іс-шара барысында Бюро мүшелері Парламент Мәжілісінен келіп түскен заңдарды жұмыс үшін Сенат комитеттеріне бөліп берді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив