Қазақстан мен Түркия көлік саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға ниетті екенін растады

Астана қаласында Қазақстан Республикасы Көлік министрінің міндетін атқарушы Мақсат Қалиақпаров пен Түркия Республикасының Көлік және инфрақұрылым министрінің орынбасары Энвер Искурттың кездесуі өтті.
Тараптар көлік және логистика саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.
Келіссөздер барысында автомобиль, теміржол, теңіз және авиациялық тасымалдар бойынша өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға, сондай-ақ халықаралық көлік дәліздерін дамыту, оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) бастамасы шеңберінде бірлескен жобаларды іске асыруға ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар тараптар автомобиль көлігімен жүк тасымалдау туралы жаңа келісім жасау қажеттілігін атап өтті, айта кетейік қолданыстағы келісімге 1992 жылы қол қойылған болатын. Жаңа келісім автомобиль көлігімен жүк тасымалдаудағы кедергілерді жойып, автомобиль көлігімен кедергісіз жүк тасымалдауға жағдай жасауы тиіс.
Қазақстандық тарап еліміздің транзиттік әлеуетін кеңейту және көлік инфрақұрылымын дамыту үшін Түркия Республикасымен әріптестікті тереңдету маңызды екенін атап өтті.
Кездесу барысында түрік тарапы екіжақты және транзиттік тасымалдардың көлемін ұлғайтуға, сондай-ақ Қазақстан аумағындағы инфрақұрылымдық жобаларға түрік компанияларының қатысуына қызығушылық білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықтың нақты бағыттарын келісу және бірлескен бастамаларды әзірлеу үшін сарапшылық деңгейдегі диалогты жалғастыруға уағдаласты.