«Таза Қазақстан» бастамасы шеңберінде Ұлттық парктер мен ауылдар экотуризмді дамытуға тартылады

Үкімет отырысында туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық науқаны аясында Министрлік экологиялық туризмді ілгерілету және салауатты өмір салты мәдениетін қалыптастыру бойынша жүйелі шараларды жүзеге асырып жатқанын хабарлады. Оның айтуынша, бастамалар «Таза тән, таза жан, таза сана» қағидаттарына негізделген. Бұл қағидалар азаматтардың жан-жақты дамуына ықпал етеді.
«Экотуризмді кеңінен насихаттап жатырмыз. Бұл – табиғатқа ұқыпты қарауға, саналы көзқарас қалыптастыруға және қоғамда экологиялық мәдениетті нығайтуға жол ашады», — деді Ербол Мырзабосынов.
Министрдің айтуынша, экотуризмді дамыту үшін 2017 жылы бекітілген ұлттық стандарт жаңартылды. Жаңа стандарт халықаралық тәжірибеге, жаһандық тұрақты туризм кеңесінің ұсынымдарына және заманауи талаптарға негізделген.
Құжатта туристік қызмет сапасына, экологиялық өнім мен көлікке, биоәртүрлілік пен мәдени мұраны сақтауға, табиғатты тиімді пайдалануға қойылатын нақты талаптар көрсетілген.
Алғаш рет «экологиялық туризм» және оның қағидаттары туралы ұғымдар енгізілді. Туристік ұйымдарға қойылатын талаптар да жаңартылды. Бұл стандарт табиғатты қорғау мен туризм инфрақұрылымын дамыту арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етіп, барлық тараптар үшін ортақ ережелер қалыптастырады.
«Ауылдық туризмді дамыту – біздің маңызды бағыттарымыздың бірі. Бұл тек мәдениетті және дәстүрлі өмір салтын сақтауға емес, сонымен қатар өңірлердің тұрақты дамуына мүмкіндік береді. “Үздік туристік ауыл – 2025” ұлттық байқауы осы бағытты ілгерілету үшін өткізілді. Байқау арқылы болашағы бар ауылдар анықталды. Жергілікті халықтың туризмге қатысуы артты», — деп нақтылады министр.
Ербол Мырзабосынов сондай-ақ агротуризмге жағдай жасау мақсатында фермерлерге туристік қызметпен айналысу мүмкіндігін беру үшін заң жобасы дайындалып жатқанын айтты. Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, аграрлық туризм қызметінің ережелері әзірленуде. Бұл ауылдағы шағын және отбасылық кәсіпкерлікті заңдастыруға және қолдауға бағытталған.
«Этнотуризмді қамтитын агротуризм бойынша әдістемелік құрал әзірленді. Құрал фермерлер мен қонақүй иелеріне арналған. 900-ден астам ауыл тұрғыны арнайы тренингтерден өтті. Оларға қонақүй ашу мен жүргізу тәсілдері үйретілді. Community-Based Tourism үлгісі бойынша 10 өңірлік үйлестіруші даярланды», — деді ол.
Сонымен қатар Ақмола облысында агротуризмге арналған нысандар мен бағыттарды қамтитын жолсілтеме дайындалды. «Алатау аманаты» жобасы арқылы Алматы және Алматы облыстарында 1200 км туристік соқпақтарды абаттандыру жоспарланған. Бұл бағыттар ауылдар мен табиғи көрікті жерлерді байланыстырып, экотуризм мен этнотуризмге серпін береді. Барлық шаралар ауыл туризмін дамытып, өңірлерде жаңа жұмыс орындарын ашуға және табыс көзін арттыруға ықпал етеді.
«Қазақстанда экотуризм серпінді дамып келеді. Бұған табиғи әртүрлілік, мемлекеттік қолдау және халықтың қызығушылығы әсер етуде. 2024 жылы ұлттық парктерге 2,8 миллионнан астам адам барды. Бұл – 2023 жылмен салыстырғанда 18%-ға артық. Ең танымал парктер: Іле-Алатауы, Шарын, Алтын-Емел және Көлсай. Соңғы бес жылда ұлттық парктерде 2,1 млрд теңге көлемінде жеке инвестиция тартылып, 8 жоба іске асырылды», — деп атап өтті министр.
Мемлекет пен жеке сектор арасындағы тиімді әріптестіктің нәтижесінде визит-орталықтар салынды. Сәуір айында Маңғыстау облысында жаңа визит-орталық ашылды. 2025 жылдың соңына дейін Түркістан облысындағы Сайрам-Өгем ұлттық саябағында және Алматыдағы Бутаковка шатқалында жаңа нысандардың құрылысы аяқталады.
Бүгінде 14 ұлттық паркте 137 туристік маршрут (оның ішінде биыл 4 жаңа маршрут) және 54 соқпақ қолжетімді. Оларды жабдықтау тұрақты түрде жүргізілуде.
Экотуризмді одан әрі дамыту үшін келесідей шаралар ұсынылуда:
– мобильді қосымшалар мен цифрлық платформаларды пайдаланып, жаңа маршруттар әзірлеу және насихаттау;
– ұлттық парктерде инфрақұрылымды дамыту, көлік қолжетімділігін жақсарту;
– Алтын Емел, Іле-Алатауы, Шарын сияқты парктерге стратегиялық инвесторлар тарту.
«Таза Қазақстан» бағдарламасында салауатты өмір салтын қалыптастыру да маңызды рөл атқарады. Министрлік халықты дене шынықтыру мен спортқа тарту үшін кешенді шаралар атқаруда. 2024 жылы тұрақты түрде спортпен айналысатындар үлесі 41,4%-ға жетті. Бұл – 8,4 миллионнан астам адам.
«Біздің мақсат – 2029 жылға қарай бұл көрсеткішті 50%-ға жеткізу. Жыл сайын елімізде 25 мыңнан астам спорттық-бұқаралық іс-шара өткізіледі. Марафондар, веложарыстар, отбасылық фестивальдер, жаппай сырғанау сынды форматтар халық арасында кеңінен таралып келеді. Елорда үлгісінде нақты мысал келтіргім келеді. 2025 жылдың алғашқы тоқсанында Астанада 240-тан астам бұқаралық спорт шарасы өтті. Оған 29 мыңнан астам адам қатысты», — деп нақтылап өтті Ербол Мырзабосынов.
Оның айтуынша, қалада дене шынықтырумен айналысу үшін қолайлы жағдайлар жасалып жатыр. Веложолдардың жалпы ұзындығы – 77,5 км. Жүгіру жолдары – шамамен 25 км.
Жалпы, Астанада 2833 спорт секциясы бар. Оларда 270 мыңнан астам тұрғын қамтылған. Қалада барлық жасқа арналған әлеуметтік жобалар мен бастамалар іске асырылуда. Олардың мақсаты – халық денсаулығын жақсарту, белсенді өмір салтын қалыптастыру.
Aula Fit – аулаларда ашық ауада өтетін жаттығу. Сабақты кәсіби жаттықтырушылар өткізеді. Қатысу – тегін. Жаттығу 30 ауланың аумағында өтеді.
Funny Sport – отбасыға арналған ойын-сауық спорт жобасы. Шаралар саябақтар мен қоғамдық орындарда өтеді. Мұнда барлық жастағыларға арналған шеберлік сабақтары, спорттық жарыстар ұйымдастырылады.
Жаз мезгілінде балалар үшін арнайы «Street Battle», «Былғары доп» сияқты турнирлер өтеді. Сондай-ақ әртүрлі челлендждер мен акциялар ұйымдастырылып келеді. Мысалы, 6 сәуір – 6 мамыр аралығында «Менің сүйікті спортым» атты спорттық-патриоттық челлендж өтті. Акцияға еліміздің барлық өңірінен 500-ден астам оқушы, студент, жаттықтырушы мен спортшы қатысты.
10–18 мамыр аралығында «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Тазалық және тәртіп – жеңіске апарар жол» челленджі өтті. Онда спорт мектептері мен жаттықтырушылар тазалық, тәртіп пен еңбекке құрметтің маңызын бейнероликтер арқылы көрсетті.
26 мамыр – 8 маусым аралығында «Алтайдан Оралға дейін» велошеруі ұйымдастырылды. 1 мыңнан астам адам қатысып, 3 мыңға жуық шақырым жолды жүріп өтті. Бағыт 8 өңірді қамтыды.
4 маусымда «Көліксіз бір күн» челленджі өтті. Қатысушылар қоғамдық көлік, велосипед, скутер немесе жаяу жүрісті таңдады. 1000-нан астам адам атсалысты.
Сонымен қатар өңірлерде «Ашық есік күні» форматындағы қайырымдылық акциялары өтеді. Ашық жарыстар, спорт шеберлерінен сабақтар, спорт нысандарына экскурсиялар, флешмобтар, иппотерапия және атқа міну серуендері ұйымдастырылады.
«Экотуризмді дамыту, ауылдық өңірлерді қолдау және салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау — бұл тек салалық емес, бүкіл ел үшін маңызды міндеттер. Бұл бастамалар азаматтарымыздың өмір сапасын жақсартуға, табиғатқа ұқыпты қарауға және қоғамда жауапкершілік мәдениетін орнықтыруға ықпал етеді. Министрлік осы бағытта барлық ресурсты жұмылдырып, өңірлермен, қоғамдық ұйымдармен және мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істеуге дайын», — деді туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.