Cемей-0°С
Ауа-райы
  • Абай12°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат12°С
  • Бородулиха6°С
  • Қалбатау7°С
  • Курчатов11°С
  • Көкпекті14°С
  • Үржар16°С
474.08 558.28 6.26

Заң және болашақ: Семейде жастармен кездесу өтті

Бүгін, 16:17 Думан Кенжеғазыұлы

Семей қаласында Shakarim University базасында «NEXT STEP: заң және болашақ» тақырыбында кездесу өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – Халық Конституциясының құндылықтарын жастар арасында насихаттау. Кездесуге жоғары оқу орындары мен колледж студенттері, жастар ұйымдарының өкілдері, еріктілер, жастар ресурстық орталықтарының қызметкерлері және БАҚ өкілдері қатысты.

Кездесудің басты міндеті – Конституция құндылықтарын дәріптеу, мемлекеттік қызметке қызығушылықты арттыру және ерте кәсіби бағдар беруді дамыту.

Спикерлер қатарында Абай облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаментінің басшысы Руслан Шәріпов, облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Олжас Бейсенбаев, «Shakarim University» жанындағы «Шаңырақ» студенттік ассамблеясының төрайымы Айым Рысбек және студенттік парламент спикері Ахмет Қуанышұлы болды.

Кездесуді модерациялаған Ануар Жазитов бұл алаңның азаматтық ұстаным, жеке даму және жастардың қоғамдағы рөлі туралы ашық диалог құруға мүмкіндік бергенін атап өтті. Оның айтуынша, елімізде жүргізіліп жатқан конституциялық реформалар жаңа бағыттарды айқындап отыр, сондықтан жастар өз құқықтарын біліп қана қоймай, оны тиімді қолдана алуы тиіс.

Руслан Шәріпов мемлекеттік қызметке орналасу мүмкіндіктеріне тоқталып, бүгінде барлық конкурстық рәсімдер цифрлық форматқа көшіріліп, электронды платформалар арқылы жүргізілетінін айтты. Бұл жүйенің ашықтығы мен қолжетімділігін арттырған. Іріктеу мерзімі 5–7 жұмыс күніне дейін қысқартылған.

Сонымен қатар, ол түлектерге арналған қосымша мүмкіндіктер туралы баяндады. Жоғары үлгерім көрсеткен (GPA 3,33 және одан жоғары) мемлекеттік грантпен оқыған түлектер ауылдық және аудандық деңгейдегі төменгі лауазымдарға конкурссыз тікелей тағайындала алады.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, конкурстан тыс тікелей тағайындау мүмкіндігі жүзеге асырылуда. 2020 жылдан бастап заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқыған және GPA көрсеткіші 3,33-тен жоғары түлектер ауылдық және аудандық деңгейдегі лауазымдарға тікелей орналаса алады, – деді ол.

Спикердің айтуынша, бүгінде өңірде 38 түлек осы мүмкіндікті пайдаланып, мемлекеттік қызметте еңбек етіп жүр.

Сондай-ақ қазіргі уақытта Парламентте осы тәжірибені кеңейтетін жаңа заң жобасы қарастырылуда. Қабылданған жағдайда, бұл мүмкіндік ақылы бөлімде оқыған түлектерге де берілмек.

– Яғни, GPA көрсеткіші 3,33 және одан жоғары болса, диплом алғаннан кейін бір жыл ішінде өз өңіріңізге оралып, конкурссыз және тестілеусіз мемлекеттік қызметке тұра аласыз, – деді Руслан Шәріпов.

Оның айтуынша, бүгінде облыста 200-ден астам бос жұмыс орны бар, бұл жастарға мемлекеттік секторда мансап бастауға нақты мүмкіндік береді.

Кездесу барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Спикерлердің айтуынша, әділетті қоғам құру әр азаматтың жеке жауапкершілігінен басталады.

– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың негізгі бағыттарының бірі – жастар арасында адалдық, әділдік, жауапкершілік сияқты құндылықтарды қалыптастыру. Бүгінде жоғары оқу орындары мен колледждерде волонтерлік қозғалыстар дамып, мектептерде «Адал ұрпақ» жобасы жүзеге асырылуда. Әр адам ең алдымен өз ар-ұятының алдында таза болуы керек, – деді Руслан Шәріпов.

Өз кезегінде Олжас Бейсенбаев жастарды қолдауға бағытталған нақты мемлекеттік бағдарламаларға тоқталды. Атап айтқанда, «Жастар практикасы», «Жасыл ел» және «Дипломмен – ауылға» бағдарламалары жастарға алғашқы жұмыс тәжірибесін алуға, жұмысқа орналасуға және тұрғын үй мәселесін шешуге мүмкіндік береді.

Ол сондай-ақ жастарды белсенді өмірлік ұстанымға шақырып, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қараудың маңызын атап өтті.

– Егер біз өзіміз экологиялық мәдениетті қалыптастырмасақ, туған қаламызға жанашырлықпен қарамасақ, даму болмайды. Қанша қаржы бөлінсе де, қанша білім алсақ та, қаланың дамуы тікелей өзімізге байланысты, – деді ол.

Спикер өңірдің оң имиджін қалыптастырудың маңыздылығына да тоқталды.

– Ұлт – бұл белгілі бір көзқарас, пікір. Біз өз өңіріміз туралы қандай пікір қалыптастырамыз? Егер өзіміз жақсы пікір айтып, оның дамуына үлес қосатын болсақ, бәрі өзгереді. Өзгеріс әрқайсымыздан басталады, – деді Олжас Бейсенбаев.

Кездесу соңында жастар белсенділік танытып, мансап, білім және жеке даму тақырыптары бойынша сұрақтарын қойып, пікір алмасты.

Іс-шара ашық диалог форматында өтіп, жастар үшін өзекті ақпарат алмасуға арналған тиімді алаңға айналды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив