Оқу-ағарту министрі Семейдегі білім нысандарын аралады
Абай облысына жұмыс сапарымен келген Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев облыс әкімі Берік Уәлимен біргеСемейдегі бірқатар білім беру мекемелерінің тыныс-тіршілігімен танысты.
Қаладағы №11 жалпы орта білім беретін мектеп бейімделген үш қабатты ғимаратта орналасқан. Қазір мұнда 1411 оқушы білім алып жатыр. Оның 296-сы уақытша оқу орнында оқуға мәжбүр. Мектепке жапсарлас жаңа оқу корпусын немесе жаңа мектеп қажеттілігі туындап отыр.
Министр қаладағы «Балдәурен» балабақшасының жұмысымен де танысты. Нысан 1988 жылы салынған. 64 адам жұмыс істейді. Бөбекжайда 13 топ бар. Балабақшаның материалдық-техникалық базасы нығайтуды қажет етеді. Мұнда 320 орындық ваучерлік жүйе енгізілген. Бұл ата-аналар үшін жолдама алу үдерісінің ашықтығын қамтамасыз етеді. Министрмен біргебалабақша жұмысымен танысқан аймақ басшысы әкімдік тарапынан тиісті көмек көрсетілетінін жеткізді.
Сондай-ақ Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жаңа оқу жылы қарсаңында пайдалануға берілетін 600 орындық №52 мектепте болды. Бұл білім ошағы «Келешек мектептері» жобасы аясында салынып жатыр. Қазіргі таңда Семей қаласындағы 19 мектепте 4025 оқушыға орын жетіспейді. Жаңа мектеп іске қосылғанда бұл көрсеткіш 600 орынға төмендейді.
Облыс бойынша «Келешек мектептері» жобасы шеңберінде 3000 орынға арналған бес мектеп салынуда. Жаңа мектеп қала маңындағы Восход ауылының оқушылары үшін де үлкен көмек болмақ. Бұған дейін ауыл балалары мектепке жету үшін бірнеше шақырым жол жүруге мәжбүр болған.
Облыс әкімі министрмен бірге Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледжде өңірдің білім саласы қызметкерлерімен кездесті. Жиынды ашқан облыс әкімі министрге өңірге арнайы келгені үшін алғысын білдірді.
Ғани Бейсембаев Абай облысындағы мектептердің инфрақұрылымын жаңғыртуға қатысты жоспарларымен бөлісті.