Семейге Маңғыстау облысының делегациясы келді
Бүгін облыс әкімі Берік Уәли өңірімізге Маңғыстау облысынан арнайы келген делегация мүшелерімен кездесті. Кездесуге Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Ізбергенов, облыс әкімінің орынбасары Тілеген Әбішев, қоғамдық кеңес төрағасы Бекмұрат Жүсіпов және мемлекеттік қызмет ардагері Даржок Сейбағытов қатысты.
Облысымызда Абайдың 180 жылдығына орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен «Абайға құрмет» акциясы басталған болатын. Акция аясында еліміздің әр өңірі Абай облысына бір нысаннан тарту етеді.
Кездесуде облыс әкімі Маңғыстау облысының игі бастамаға алғаш болып қолдау танытқаны үшін алғысын жеткізді.
Облыс әкімі «Абайға құрмет» акциясын еліміздің барлық өңірлері қызу қолдап жатқанын, Түркістан, Ақтөбе, Қызылорда, Павлодар, Жетісу, Алматы, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Атырау, Жамбыл, Ақмола облыстары мен Шымкент, Алматы, Астана қалалары тиісті жұмыстарды бастап кеткенін айтты.
Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Ізбергенов мұнайлы өлке жұртының сәлемін жеткізді.
Кездесуден кейін маңғыстаулық делегация 75 мың тұрғынға арналған «Semey Smart City» шағын ауданы салынатын құрылыс алаңына барды. Облыс әкімі қонақтарға жаңа ықшам ауданның жобасын таныстырды.
Мың гектардан астам аумақты қамтитын ықшам ауданда тұрғын үй кешендері, 40-тан астам әкімшілік, коммерциялық және әлеуметтік нысандар, саябақтар бой көтереді. Жоба аясында болашақта жастар сарайы, Жекпе жек сарайы, ғалымдар үйі, медиа орталық, көрме орталығы, Достық үйі, Инвесторлар орталығы, музыкалық мектеп, филармония, этносаябақ, стадион, колледж, музей, балабақшалар, қонақүйлер мен сауда кешендерін салу жоспарланып отыр.