Облыс әкімі зиялы қауым өкілдерімен кездесті
Бүгін облыс әкімі Берік Уәли өңірдің зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Атап айтқанда, бұған дейін Абайдың бірнеше мерейтойларын ұйымдастыруға атсалысқан сол кездегі тәжірибелі мамандар, қазіргі аймақ ақсақалдарымен арнайы кеңес өткізді. Жүздесудің басты мақсаты – елдік маңызы бар тойды халықтың өзімен кеңесе отырып өткізу, алдыңғы буынның ақыл-кеңесіне жүгіну.
Кездесуді ашқан аймақ басшысы алдымен бұл мерейтойдың тек бір өңірдің емес, тұтас елдің рухани мерейлі межесі екенін айтты.
Жиында Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Жанжігіт Омархан, Абай ауданының әкімі Мейіржан Смағұлов, Семей қаласы әкімінің орынбасары Қуаныш Әбілдаев мерейтойға арналған онкүндіктің бағдарламасымен таныстырды. 1 тамыз бен 10 тамыз аралығында Абайдың 180 жылдығына орай 30-дан астам ауқымды іс-шара ұйымдастыру жоспарланған. Мерекелік іс-шаралар Семей қаласы, Абай ауданы және өңірдің өзге де аудандарында өтеді.
Мерейтой бағдарламасымен танысқан зиялы қауым өкілдері Абайдың 180 жылдығына арналған іс-шаралар жоспарының мазмұнды екенін атап өтті.
Жиында зиялы қауым өкілдері Абайдың 180 жылдығына байланысты ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Кездесуді қорытындылаған облыс әкімі жиында айтылған ұсыныс-пікірлердің барлығы ескертілетінін айтты. Мерейтойға арналған онкүндіктің бағдарламасы алдағы аптада баспасөз мәслихаты арқылы толық жарияланатын болады.