Облыс әкімі Курчатов қаласының тұрғындарымен кездесті
Облыс әкімі Берік Уәли Курчатов қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы және алдағы жоспарлар туралы халыққа есеп берді.
Жиында алдымен Курчатов қаласының әкімі Болат Әбдірәлиев шаһардың 2024-2025 жылдардағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы баяндады.
Бұдан кейін баяндама жасаған аймақ басшысы өңірдің жалпы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне тоқталып, Курчатов қаласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.
Кездесуде аймақ басшысы жалпы өңірлік өнім көлемі 4,3 пайызға өсіп, 3,2 трлн теңгеге жеткенін атап өтті. Курчатов қаласындағы жылумен қамтамасыз ету, таза ауыз су, тұрғын үй, жол, білім, медицина және мәдениет салаларындағы негізгі жобалар бойынша атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды.
Биылғы жылу маусымын тұрақты өткізу мақсатында 3,5 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде Курчатовтағы 4 қазандық пен жылу желілерін жөндеуге 381,6 млн теңге қарастырылған. Жергілікті желілердің 35 пайызы тозған. Қаланың бірыңғай жылу көзін салу жобасы дайындалып, сараптамадан өтуде. Болжамды құны – 18 млрд теңге.
Ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін шешу мақсатында 33 жоба іске асырылуда. Қаладағы сорғы-сүзгі станциясын жөндеуге 188,5 млн теңге бөлінген.
Курчатов қаласы көшелерінің жалпы ұзындығы – 42 шақырым, оның 36 пайызы қанағаттанарлық жағдайда. Биыл реконструкцияға Ұлттық қордан 700 млн теңге бөлінді.
Облыста биыл 1 140 жалға берілетін пәтер сатып алу көзделген, оның 70-і Курчатов қаласында берілмек. Сонымен қатар, 283,9 млн теңгеге 4 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. №3 мектепке пәндік кабинет сатып алынады. Қаладағы балалар лагері де жөндеуден өтеді. Медициналық қызмет сапасын арттыру мақсатында 2,2 млрд теңгеге жөндеу, 6,9 млрд теңгеге медициналық жабдықтар сатып алуға қаржы бөлінген. Қалалық аурухананың 4-ші қабатын жөндеуге – 196,9 млн теңге, құрал-жабдықтарға – 102,4 млн теңге қарастырылған.
Қалада спорт және мәдениет нысандары да жаңартылуда. Курчатовта дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынады. Мәдениет үйінің қасбетін жөндеуге 35,1 млн теңге бөлінген.
Облыс әкімі Курчатов қаласын дамыту бағытындағы жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.
Кездесу соңында тұрғындар жас мамандарға, әсіресе мемлекеттік қызметкерлерге арналған тұрғын үй құрылысын салу, қаладағы бос тұрған ғимараттарды қалпына келтіріп, тиімді мақсатта пайдалануға қатысты ұсыныстарын жеткізді. Облыс әкімі кездесуде айтылған ұсыныстардың ескерілетінін, ешқайсысы назардан тыс қалмайтынын айтты.