Аймақ басшысы Курчатов қаласының тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады
Облыс әкімі Берік Уәли Курчатов қаласының тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға келген азаматтар жылу және ауыз су жүйелерін жаңарту, әлеуметтік нысандарды жөндеу, мамандарға арналған тұрғын үй және иесіз қалған ғимараттарды қалпына келтіру мәселелерін көтерді.
Атап айтқанда, тұрғындар Школьная және Абай көшелеріндегі көпқабатты тұрғын үйлерді қайта жаңғырту, №1 және №2 мектептердің стадиондары мен қоршауларын жөндеу, бұрынғы полиция бөлімінің ғимаратын балабақшаға беру, қаңғыбас жануарлар мәселесін шешу секілді ұсыныстарын айтты.
Қалалық аурухана үшін қосымша ғимарат бөлу, 17 цифрлық телеарнаны толық көрсетуді қамтамасыз ету, жастарға техникалық бейінде білім беру секілді ұсыныстар да назардан тыс қалмады. Аймақ басшысы тиісті басқармаларға нақты тапсырмалар берді.
Азаматтарды қабылдау барысында облыс әкімі әр мәселені жеке бақылауына алып, тұрғындар көтерген өзекті мәселелерді кезең-кезеңімен шешуді жауапты сала басшыларына жүктеді.
Облыс әкімінің азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдауының алдында басқарма басшылары қала тұрғындарын қабылдап, сауалдарына жауап берді.