Қазақстан мен Қытай энергия үнемдеу және зияткерлік энергетика салаларындағы стратегиялық ынтымақтастықты нығайтуда

Қытай тауарларының Қазақстандағы 20-жылдығына арналған мерейтойлық көрме өтті. Бұл халықаралық іс-шара Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге бағытталған.
Көрмеге машина жасау, электроника, энергетика, құрылыс, жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардан 300-ден астам қытайлық компания қатысты.
Іскерлік бағдарлама аясында "Электр энергетикасы мен энергия үнемдеуді дамыту институты" АҚ басқарма төрағасы Елдос Абақанов Қытайдың жетекші энергетикалық және машина жасау компанияларымен B2B форматындағы кездесулер өткізді. Олардың қатарында Hebei Xuhui Electric, Xinjiang Tianfu Tianyao New Energy Technology, Xinjiang Lvwei New Energy Technology, Fujian Weiman Electric Power Technology және HUAHE INTERNATIONAL компаниялары бар.
Кездесулер барысында келесі бағыттар бойынша екіжақты ынтымақтастықтың болашағы талқыланды:
- зияткерлік энергетикалық жабдықтар;
- электр энергиясын түрлендіру және сақтау технологиялары;
- энергетикаға арналған цифрлық шешімдер;
- пилотсыз (беспилотный) техникалар;
- энергия аудиті мен энергияны есепке алудың инновациялық тәсілдері.
Келіссөздер қорытындысы бойынша EEDI мен Қытайдың HUAHE INTERNATIONAL бизнес-консалтингтік құрылымы арасында стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Құжат инвестициялық жобаларды бірлесіп іске асыруды, Қазақстанға стратегиялық инвесторларды тартуды және энергетика мен оған байланысты салалардағы іскерлік байланыстарды дамытуға бағытталған.
Сондай-ақ, HUAHE INTERNATIONAL компаниясы Бейжің қаласында EEDI-дің ресми байланыс орталығы ретінде бекітілді. Бұл шешім Қытай аумағындағы серіктестік қарым-қатынастарды орнату үдерісін едәуір жеңілдетеді.
Қол қойылған келісім технологиялық әріптестікті кеңейтіп, Қазақстанға озық шешімдерді трансферлеуге жол ашады әрі екі ел арасындағы орнықты энергетикалық даму саласындағы стратегиялық диалогты нығайтуға септігін тигізеді.