Абай облысында туризм және қонақжайлылық салаларын дамытуға бағытталған келісім жасалды
Әлихан Бөкейхан Университеті туризм және қонақжайлылық индустриясын дамытуға бағытталған кластерлік ынтымақтастық жүйесін енгізуде.
Университетте швейцариялық Swiss-SASEM бизнес мектебі, Абай облысының кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасы мен ABU басшылығы үшжақты меморандумға қол қойды.
Қол қою рәсіміне швейцариялық Swiss-SASEM бизнес мектебінің ректоры, профессор Доминик Джордан, Абай облысының кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасының басшысы Рүстем Ворошилов және Әлихан Бөкейхан Университеті ректоры аппаратының жетекшісі Жаңыл Құрманбаева, Семей қаласының «Бизнес және сервис колледжі» КМҚК директоры Альмира Хожанова және Бөкейхан Университетінің профессор-оқытушылар құрамы қатысты.
Қазіргі уақытта туризм және қонақжайлылық индустриясы - ең қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі. Дегенмен елімізде бұл саладағы сервис деңгейі әлі де дамытуды қажет ететіні сөзсіз. Оған қоса, өңірлердегі туризм мен қонақжайлылық жүйелерінің дамуы білікті кадрларға деген сұранысты арттырып отыр.
Қол қойылған келісім «Университет - Бизнес - Мемлекет» үштігі аясында қонақжайлылық жүйесінің білікті мамандарын сапалы даярлау мәселелесін жолға қояды. Кәсіби мамандар жетекші швейцар бизнес мектебімен бірлескен білім беру бағдарламалары негізінде даярланып, өңірдің алдыңғы қатарлы кәсіпорындарында дуалды дайындық жүйесімен тәжірибеден өтеді.
Биыл Әлихан Бөкейхан Университеті «Туризм мен қонақжайлылық жүйелеріндегі менеджмент» білім беру бағдарламасын іске қосады. Семей қаласындағы Тренинг орталығымен де ынтымақтастық орнатылды. Білім алушылар қонақжайлылық саласы бойынша білім алып қана қоймай, дуалды дайындық практикасына сай, білім ала жүріп, алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтайды.