Семей қаласында айналма жол салынады
Бүгін облыс әкімі Берік Уәли мен «China Railway Asia-Europe Construction Investment Co.LTD» компаниясының бас директоры Чжоу Хайвэй Семей қаласын айналып өтетін автожол құрылысын жүзеге асыруға бағытталған келісімге қол қойды.
Жоба қазақ-қытай кәсіпорындарының бірлескен консорциумы негізінде биылғы тамыз айында басталып, 2028 жылға дейін жүзеге асырылады. Аталған бастама Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі көлік-логистикалық әлеуетін дамыту тұжырымдамасы шеңберінде халықаралық қаржы институттарымен бірлесіп іске асырылатын ерекше маңызы бар жобалар тізбесіне енгізілген.
Жаңа айналма жолдың салынуы облыстың логистикалық әлеуетін арттырып, тоғыз жолдың торабындағы Семей қаласының көлік жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. Облыс орталығындағы аспалы көпір арқылы жылына 700 мыңға жуық көлік өтеді.
Аймақ басшысы облыс тұрғындары үшін аса маңызды жобаның тиісті жұмыстары басталып та кеткенін атап өтті.
Өз кезегінде қытайлық компания өкілдері жұмысты бастауға дайын екенін жеткізді.