Сенаторлар: Электр энергетикасы саласындағы заңнама жетілдіруді талап етеді
Сенат комитетінің Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік жөніндегі депутаттары Мемлекет басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» Жолдауын іске асыру аясында «Электр энергетикасы нарығын дамыту: Тенденциялар, проблемалар және оларды шешу жолдары» тақырыбымен өткен дөңгелек үстел ұсынымдарын орындау мәселелері бойынша отырыс өткізді.
Отырысқа Энергетика, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінің, Атом және энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің басшылығы, сондай-ақ «KEGOC» және «Самұрық-Энерго» компанияларының өкілдері қатысты. Кездесуге қатысушылар ұзақ мерзімге арналған электр энергиясының шекті тарифтері, энергия өндіруші компаниялар тарапынан қарсы міндеттемелерді және жаңа ЖЭС салу мүмкіндігін мәселелерін талқылады.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің орынбасары Асқар Жамбакин цифрлық майнинг субъектілерінің қызметін реттеу, салық салуды арттыру, электр энергиясын тұтынуға квота енгізу, бақылауды күшейту, сондай-ақ заңсыз майнерлерді анықтау және болдырмау туралы ойларын ортаға салды.
Кездесуге қатысушылар сонымен қатар енгізілетін электр энергиясын бірыңғай сатып алушының қызметін талқылап, оның жұмыс істеуі электр энергиясын сатып алу және сату кезіндегі алыпсатарлық операцияларды болдырмауға және нәтижесіз делдалдарды қысқартуға, өңірлер арасында электр энергиясына тарифтерді теңестіруді жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Комитет төрағасы Сүйіндік Алдашев шара соңында электр энергетикасы саласындағы қолданыстағы заңнаманы жетілдіру қажеттігін атап өтті.
«Инвестицияларға айырбастау тарифі» саясаты бойынша алынған қаржының мақсатты пайдаланылуына уәкілетті органның бақылау функцияларын қайтаруды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету, егер көрсеткіштерге объективті себеп болмай қол жетпеген жағдайда айыппұл санкцияларын белгілеу, сондай-ақ қаржыны мақсатсыз пайдаланған жағдайда, оның ішінде кәсіпорын басшыларына да жауапкершілік тағайындау қажет», - деді Сүйіндік Алдашев.