Қазақстан және Нидерланд экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуда

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов Нидерланд Корольдігінің Қазақстандағы Елшісі Нико Схермерспен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар екіжақты өзара іс-қимылдың қазіргі жағдайы мен болашақ перспективаларын талқылап, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейтуге, агроөнеркәсіптік секторды дамытуға, заманауи технологиялар мен инновацияларды енгізуге, сондай-ақ Қазақстан мен Нидерланд арасындағы іскерлік байланыстарды нығайтуға ерекше назар аударды.
А.Исетов Нидерландтың көптеген жылдар бойы Қазақстан экономикасына ең ірі еуропалық инвестор және ірі бірлескен жобаларды жүзеге асыруда сенімді серіктес болып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ ол екі ел кәсіпкерлері арасындағы іскерлік байланыстарды нығайтуда «Қазақстан-Нидерланд» іскерлік қауымдастығының жыл сайынғы отырыстарының маңыздылығына назар аударды.
Елші Н.Схермерс екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі деңгейіне жоғары баға беріп, Нидерланд тарапының орнықты ауыл шаруашылығы, энергетика, ғылым, білім және «жасыл» технологиялар салаларын қоса алғанда, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін растады.
Тараптар серіктестікті одан әрі кеңейтуге қызығушылық білдіріп, белсенді саяси диалогты және халықаралық алаңдардағы ынтымақтастықты қолдауға дайын екенін растады.