Семейде ашық аспан астында әдеби кеш өтті
Семей қаласындағы Мұхтар Әуезов алаңында ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Абай мұрасы – халық даналығы» атты әдеби кеш өтті. Рухани тағылымға толы шараны Абай облысы Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы Семей қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырды. Кешке қала тұрғындары мен қонақтары, жастар, түрлі сала өкілдері қатысты.
Абай облысы Жастар саясаты басқармасы басшысының міндетін атқарушы Олжас Бейсенбаев кештің маңыздылығын ерекше атап өтті.
Кеш барысында Абай әндері хор және жеке дауыста орындалып, ақынның өлеңдері көркем мәнермен оқылды. Ашық микрофон алаңында жастар Абайға арналған өлеңдерін оқып, қара сөздерінен үзінділер келтіріп, өнерлерін ортаға салды.
«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында түрлі салада еңбек ететін азаматтар да қатысты. Олар Абай әндерін орындап, ақын шығармашылығына деген құрметтерін білдірді.
Ашық аспан астында өткен бұл шараға 80 жастағы қария да, Абай мұрасымен алғаш танысып жатқан бүлдіршін балалар да қатысты.