Семейлік оқушы Президент марапатын алды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық пән олимпиадалары жеңімпаздарымен және жүлдегерлерімен кездесті. Олардың халықаралық беделді білім сайыстарында топ жарып, Қазақстанның атын әлемге паш етуін зор жетістік ретінде бағалады.
Дарынды оқушылар қатарында информатика пәні бойынша әлемнің үздік оқушыларымен иық теңестірген Семей қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Әкежан Асқар бар. Ол Боливияның Сукре қаласында өткен International Olympiad in Informatics бәйгесінде (IOI-2025) күміс медаль жеңіп алып, жаһандық білім аренасында ел мәртебесін биіктеткен болатын. Әкежанның бұл табысын Мемлекет басшысы жоғары бағалап, марапаттау рәсімінде оған 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржылай сыйақы сертификатын салтанатты түрде табыстады.
Айта кетейік, өткен оқу жылында Әкежан бірнеше мәрте халықаралық бәйгелерде дараланып, Халықаралық Жәутіков, Еуразиялық білім додаларында алтын медаль иеленген болатын.
Бұл жетістік – зияткеріміздің тынымсыз еңбегі мен табандылығының, ұстаздар мен ата-ана қолдауының және тәлімгер кәсібилігінің нәтижесі.